2022 жылы Қазақстандағы суармалары жерлер аумағын 2 млн гектарға жеткізу жоспарлануда

2022 жылы Қазақстандағы суармалары жерлер аумағын 2 млн гектарға жеткізу жоспарлануда

Тұрақты және өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес отырысында жан-жақты талқыланды.

Заманауи суару әдісін енгізген қазақстандық фермерлерге шығынның тең жартысын өтеп беру қарастырылып отыр. Сонымен қатар несиелер мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесінің 10%-ын субсидиялап береді.

Осындай нақты қолдаудың арқасында Үкімет 2022 жылға қарай суармалы жерлердің көлемін 2 млн га дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұған қоса күріш пен мақта сияқты суды көп талап ететін дақылдардың алқаптарын азайту жұмысы жалғасады.

Жылыжай иелері де құралақан қалмайды. Олардың жылыжай кешендерін салуға және қажетті жабдық алуға жұмсаған қаражатының 30 пайызын өтеп береді. Фермерлердің озық жылыжай технологияларын енгізуін ынталандыру мақсатында жабдықтардың тиісті жүйелерін және кешенді шешімдерді сатып алуды көздейтін арнайы инвестициялық паспорт әзірленді.

Жайылымдық аумақтар да назардан тыс қалған жоқ.  Жайылым жерлері инфрақұрылымын құру шығындары 80%  дейін субсидияланады. Негізінен қаражат құдықтар мен суғару алқаптары үшін төленеді.

Ауыл шаруашылығындағы «жасыл экономиканың» маңызы мен осы бағыттағы қолдаулар туралы бүгінгі таңда шаруалар жақсы хабардар.  «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ білім беру орталықтарында 1400-ге жуық семинар өткізілді. Оған  25 мыңнан астам тыңдаушы қатысып, алдыңғы қатарлы қожалықтардың үлгісімен танысқан.

Айта кетейік, отырысқа қатысушылар қалдықтарды басқару жүйесін жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, елді мекендерді газдандыру және «таза» көлікті дамыту арқылы ауаның ластануын төмендету мәселелерін де  қарады.

 

Фото: kaztag.kz