ҚР ҰЭМ: Қазақстанда бизнесті қолдаудың несиелік портфелі 1,1 трлн теңгені құрайды

ҚР ҰЭМ: Қазақстанда бизнесті қолдаудың несиелік портфелі 1,1 трлн теңгені құрайды

Елімізде кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беріледі. Шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау үшін салықтық ынталандыру, несиелік жеңілдіктер сынды шаралар қолға алынған. Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бизнес ахуалды жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

«Бизнес ахуалды жақсарту бойынша қабылданып жатқан реформалар Қазақстанның Doing Business рейтингінде 25-ші орынға көтерілуіне мүмкіндік берді. Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту үшін бизнес ахуалды жақсарту бойынша бірқатар шара қабылданды. Бұл - салықтық ынталандыру, тексерулерді қысқарту және несиелеуді кеңейту. Сонымен қатар экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі жыл соңына дейінгі Кешенді жоспар және бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданды. Арнайы Мемлекеттік комиссия жұмыс істеуде», -деп атап өтті министр.

Шағын және орта бизнесті дамыту үшін жеңілдетілген несие беруді кеңейту бойынша шаралар қолға алынған.

«Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа бағыт іске қосылады. Бұл микро және шағын кәсіпкерлікті микрокредиттеу болып табылады. Бизнестің осы санаты үшін субсидиялау есебінен несиелер 6% мөлшерлеме бойынша қолжетімді болады. Кредиттер айналым қаражатты толықтыруға 5 млн теңгеге дейін, өндірістік қажеттіліктерге 20 млн теңгеге дейін беріледі», - деді Руслан Дәленов

Сонымен қатар, Ұлттық банк шағын және орта бизнеске, оның ішінде жеке кәсіпкерлерге салалық шектеусіз жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосты. Кредиттер айналым қаражатты толықтыруға 1 жылға 8%-бен беріледі. Аталған бағдарламаға 600 млрд теңге бөлінеді.

Жалпы, несиелеуді ұлғайту үшін көптеген шектеу алынды, тетіктер жеңілдетілді және қаражат көлемі ұлғайтылды. Бүгінде барлық бағдарлама бойынша кредиттік портфель 1,1 трлн теңгені құрайды. 16 мыңға жуық жоба қаржыландырылды.

«Сонымен қатар мемлекет несие мөлшерінің 85%-на дейін кепілдік беруді қамтамасыз етеді. Несиені коммерциялық банктер мен микроқаржылық ұйымдар береді. Субсидиялау және кредиттерді кепілдендіру рәсімдері барынша жеңілдетіледі. Бағдарламаның негізгі мақсаты микро және шағын бизнесті жеңілдетілген несиемен максималды қамту болып табылады. Экономикалық өсуді қалпына келтіру бойынша қабылданған Кешенді жоспар және бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар кәсіпкерлікті дамыту үшін жаңа серпін береді», — деді Руслан Дәленов.

Еске сала кетейік, кешенді жоспар биылғы 20 мамырда қабылданды. Оған  үстіміздегі айдың 18-і күні еңгізілген қосымша бизнесті қолдау бойынша шаралар әзірленді. Қазіргі уақытта 2025 жылға дейінгі Cтратегиялық даму жоспарының жаңа редакциясын қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«2020 жылғы 18 маусымда Парламент бизнес ахуалды жақсарту жөніндегі заңнамалық бастамалардың жаңа пакеті қабылдады. Бұл реформалардың 8-ші пакеті. Жаңа заң жылжымайтын мүлікпен жасалатын келісімдердің қауіпсіздігін арттыруға және кәсіпорындарды тіркеуді жеделдетуге бағытталған», — деді министр.

Сондай-ақ, ведомство басшысы салықтық жеңілдіктер қарастырылғанын тілге тиек етті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы салық режимін қолданатын шағын және микро бизнес субъектілері үш жылға табыс салығынан босатылды. Экономиканың түрлі саласында 2020 жылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорына салынатын салықтар, әлеуметтік төлемдер және мүлік салығы бойынша нөлдік мөлшерлеме белгіленді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін қосылған құн салығының мөлшерлемесі 12 проценттен 8 процентке дейін төмендетілді.

Салалық министрліктің мәліметінше былтыр шағын және орта бизнес 31,2 трлн теңгегнің өнімін өндірді. Еліміздің ЖІӨ үлесі 30,8% құрады. Бұл көрсеткішті  2025 жылға қарай 35%, ал 2050 жылы 50% жеткізу межеленген.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: zakon.kz