Қазақстанның машина жасаушылары теңдессіз инженерлік жобаны қолға алды

Қазақстанның машина жасаушылары теңдессіз инженерлік жобаны қолға алды

Күрделі алып құрылғыны құрастыру Павлодардағы болат құрамалар зауытына сеніп тапсырылды. Жергілікті инженерлер шахта үстіне орнатылып, кеніштен ауыр тау жыныстарын алып шығатын кранды жинап жатыр. Металдан құйылған алып құрылғыға Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны тапсырыс берген. Ол Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданындағы алтын өндіретін кеніште қолданылмақ. Тапсырыс беруші тараптың өкілі жұмыс барысын көріп, қазақстандық мамандардың кәсібилігін жоғары бағалады.

 «Бізге осы тектес құрамаларды Африка, Түркия және басқа да елдерде құрастыруға тура келді. Бұл – аса күрделі және жауапты жоба. Оны жүзеге асыратын кәсіпорынды ұзақ іздедік. Павлодардың болат құрамалар зауыты біздің көңілімізден шықты және Қазақстанда бірінші рет жасалып жатыр. Жұмыс аяқталуға жақын»,- дейді Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорнының инженер-механигі У Фен Цай.

Зауыттың конструкторлық бюросы қызметкерлерінің айтуынша, жоба аса күрделі және жоғары геометриялық дәлдікті талап етеді. Біріншіден, металл құрамалары өте үлкен. Биіктігі 26 метр болса, ені 16 метрді құрайды.

 «Басынан бастап күрделі болды. Жоба ауқымды болғанымен, ұсақ элементтері көп. Кеңістікте орналасатын құрылғы болғандықтан, шатырына ерекше мән беруге тура келді. Есептеулер нақтылықты қажет етеді»,- дейді болат құрамалар зауыты конструкторлық бюросының басшысы Екатерина Первушина.

Құрылғының алғашқы бөлшектері жақында тапсырыс берушілерге жөнелтіледі. Осыдан бірнеше күн бұрын сапасы тексерілді. Машина құрастырушылар алпауыт инженерлік жобаның үшінші жағын жинаған. Металл конструкцияның әрбір миллиметріне дейін сәйкес келуі тиіс.

«Бұл – өте салмақты жоба. Ауқымы жағынан да, қолданылуы жағынан да үлкен жауапкершілік жүктейді. Фланецтері бір-бірімен түйісуі керек. Ұзындығы мен қиғаштығының туралығы құрастыру жұмыстарының сапасына әсер етеді»,- цехының басшысы Александр Никоноров.

Өз кезегінде бұл жергілікті машина жасау саласы үшін үлкен тәжірибе болды.

«Қиындықтарға қарамастан біз осынау күрделі жұмысты аяғына дейін жеткіздік. Конструкцияны дайындау кезінде барлық өлшемдер сақталған»,-дейді болат құрамалар зауытының директоры Геннадий Крушинский.

Енді бірнеше аптадан кейін көтергіш құрылғы Шығыс-Қазақстан облысындағы кен орнына жеткізіліп, шахтаның үстіне орнатылады. Оның көмегімен тау жыныстары жоғарыға шығарылады. Ал бұл тау-кен өндірісі тізбегіндегі негізгі жұмыс саналады.

 

Фото: 24.kz