Үкімет пен Есеп комитетінің 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері бекітілді

Үкімет пен Есеп комитетінің 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері бекітілді

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың және Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның қатысуымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтті. Онда Парламент Үкімет пен Есеп комитетінің 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітті. Сондай-ақ отырыс барысында Парламент Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қайрат Мәмидің конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы Жолдауын тыңдады, деп хабарлайды ҚР Парламентінің Сенаты.

Отырыста қаржы министрінің міндетін атқарушы Берік Шолпанқұлов пен есеп комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ардақ Теңгебаев 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндама жасады.

Бірлескен отырыста Сенат депутаты Нұрлан Қылышбаев бюджет есептері бойынша қосымша баяндама жасады. Ол алдағы кезеңде бюджет қаржысын жұмсаудың тиімділігін арттыру үшін Үкімет қызметінің жекелеген бағыттарына назар аудару маңызды екенін атап өтті.

«Ұлттық қордан алынатын жыл сайынғы кепілдендірілген және нысаналы трансферттер оның түсімдерінің мөлшерінен аспауы тиіс. Салықтық жеңілдіктерді оңтайландыру және тиімсіздерін алып тастау талап етіліп отыр. Тартылатын халықаралық қарыздардың тиімділігін арттыру қажет», – деді сенатор.

Сонымен қатар ол стратегиялық және бюджеттік жоспарлауды үйлестіру, жоспарлау кезінде белгіленген шығыстардың тиімділігіне бағалау жүргізу, сондай-ақ, бюджет процесіне азаматтардың қатысуымен ашық бюджетті жаппай енгізу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік тапсырыстың көлемін қысқарту, шығыстардың ашықтығын және мемлекеттік тапсырыстарды орындау бойынша шығындар құнын белгілеу әдістемесін қамтамасыз ету керек.

Парламент Есеп комитеті мен Үкіметтің 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарау нәтижесінде оларды бекітті.