Қазақстандықтар отандық автокөліктерді таңдайды

Қазақстандықтар отандық автокөліктерді таңдайды

Қазақстанда жасалған көліктер импортты алмастыра бастады. Елімізде сатылған әрбір екінші жаңа жеңіл автомобиль – отандық өнім. Тіпті, өзімізде жиналған темір тұлпарларға сырттан сұраныс артып, шетелдік нарыққа экспорттау жағы жолға қойылып келеді. Бұған өндіріс көлемінің күрт өскені дәлел. Бұл көрсеткіш  биыл 24,5 есеге дейін өсіп, инвестициялардың жыл сайынғы ағыны 14,4 есеге артқаны байқалады.

«2020 жылғы қаңтар-мамыр айларында жалпы құны 173 млрд теңгеге 26 мың 810 көлік өндірілді, өсім 47%-ды құрады. Осы кезеңде Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанға 1 мың 659 жеңіл автокөлік экспортталды» ,- деп хабарлайды ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы машиналарын жасауда 10 жыл ішінде өндіріс өсімі 5 есе, инвестициялар 3,4 есе артып, өнімді оқшаулаудың орташа деңгейі 37% құрады. Тек 2020 жылдың 5 айында 12 млрд 46 млн теңгеге ауыл шаруашылығы техникасы өндірілді. Өсім 54% деңгейінде. Ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді ынталандыру үшін отандық тракторлар мен комбайндарды лизингке сату бағдарламасы іске қосылды.

Индустрияландыру темір жол көліктерінңң өндірісін 3,8 есеге арттыруға мүмкіндік берді. Елімізде посткеңестік кеңістікте теміржолға арналған тұтас дөңгелектерді шығаратын заманауи автоматтандырылған технологиялық кешенді енгізген алғашқы зауыт ашылды. Кәсіпорынның қуаты – жылына 200 мың доңғалақ. Оқшаулау деңгейі – 68%. Кәсіпорын өнімі ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен жабады және 60%-дан астамы Иран, Әзірбайжан, Ресей және Түркіменстанға экспортталады. Биылғы қаңтар-мамырда 16 млрд 346 млн теңге сомасына 71 мың 325 дөңгелек өндірілді. Жалпы, 2020 жылдың бес айында бұл бағытта 56 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Локализацияның орташа деңгейі – 50% жоғары.

Тау-машиналарының өндірісі - 1,7 экспорты 1,8 есеге өсті. 2020 жылдың 5 айында 8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Мұнай-газ машиналарын жасауда индустрияландыру өндіріс көлемін 4,2 есеге, экспортты 1,1 есеге арттыруға мүмкіндік берді. 2020 жылғы қаңтар-сәуірде өндіріс көлемі 21 млрд теңгені құрады.

Жалпы машина жасау өңдеуші өнеркәсіптің ең серпінді дамып келе жатқан салаларының бірі. Соңғы 10 жыл ішінде өндіріс көлемі 5 есе өсті. Салаға тартылған инвестициялар көлемі 3 есе өсіп, 50 млрд теңгені құрады. Экспорт көлемі шамамен 3 есеге артып, 1,1 млрд долларға жетті. Тек 2019 жылдың қорытындысы бойынша 1 трлн 372 млрд теңгеге өнім өндірілді. 2020 жылдың 5 айында 535 млрд теңгеге өнім өндірілді, өсім 18,5% құрады.

«Бүгінде аталған салада шамамен 3 мың кәсіпорын жұмыс істейді, онда 65 мың адам еңбек етеді. Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру жылдары машина жасау саласында 367 млрд теңгеге 128 жоба іске асырылды, 16 мыңға жуық жұмыс орны құрылды», - деп хабарлайды министрлік.

Қазіргі уақытта қазақстандық кәсіпорындар Ресей, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері Тәжікстан, Әзербайжан, Түркменстан және тағы басқа елдерге өнім экспорттайды. 2019-2024 жылдарға арналған машина жасау саласын дамытудың Жол картасы бекітілді. Қазіргі таңда Ресеймен бірлескен мұнай-газ машиналарын жасауды дамыту жөніндегі жол картасы іске асырылуда.

 

Фото: kapital.kz