Жеңіл өнеркәсіптің жүгі жеңіл ме?

Жеңіл өнеркәсіптің жүгі жеңіл ме?

Аталған саланың бірнеше бағыты бойынша биыл өсім байқалған. Өнеркәсіптік өндіріс индексі 113,4% құрады.

Жақында жеңіл өнеркәсіп саласының қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтті. Олардың жеткен жетістіктері баршылық. Биыл сала қызметкерлері әлеуметтік жауапкершілік танытып, Қазақстан халқына қолдау көрсетті. Атап айтқанда, пандемия басталғалы көптеген кәсіпорындарда қайта бағдарлау жүргізіліп, маска, медициналық костюмдер өндірісі жолға қойылды. Өнімдер тегін таратылды.

Жеңіл өнеркәсіп саласында еңбек етіп жүргендердің 90% - әйелдер. Сонымен қатар, бұл – шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасап отырған экономика секторы және басымдықты бағыттардың бірі, деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. 

Жеңіл өнеркәсіптің негізгі салаларына тоқыма өндірісі, тігін саласы, былғары жасау, тері өңдеу және аяқ-киім өнеркәсібі жатады.

Жеңіл өнеркәсіптегі тоқыма өндірісінің үлесі 60%-дан асады, деп хабарлайды energyprom.kz. Тоқыма бұйымдары ішінде мақта-мата шығару 3,5%-ке (2020 жылдың қаңтар-сәуірінде 8,1 млн шаршы метрге дейін) және үй шаруашылығына қажетті дайын тоқыма бұйымдары 5,7%-ке (7,4 млн данаға, соның ішінде төсек-орын жабдығы – 2,5 млн данаға, бір жылда +22,1%-ке артқан) өскен. 2020 жылдың қаңтар-сәуірінде тоқылмаған материалдар мен бұйымдар шығару 1,9 млн шаршы метрді құраған.

Тоқыма бұйымдары өндірісінің көлемі теңгеге шаққанда 2020 жылдың қаңтар-сәуірінде 23,4 млрд теңгені құрады, бұл былтырғы көрсеткіштен 20,5%-ға көп (өнеркәсіптік өндіріс индексі - 113,4%). Ал саладағы өндірістің жалпы көлеміндегі тоқыма өндірісінің үлесі 55,5%-дан 60,1%-ға артқан.

Мата өндірісі үш өңірде шоғырланған: Павлодар (14,4 млн ш.м.) және Қостанай (0,4 млн ш.м.) облыстарында, сондай-ақ Шымкентте (8,6 млн ш.м.). Байпақ пен жұқа киізден жасалған аяқ-киім Ақмола (15,5 мың жұп) және Шығыс Қазақстан (4,6 мың жұп) облыстарында жасалады. Мақта өндірісі Түркістан облысының үлесінде.

ҚР ҰЭМ мәліметтеріне сәйкес, инвестиция үшін өңдеу өнеркәсібінің әлеуеті мол. 2020-2024 жылдары жеңіл өнеркәсіпте жалпы құны 52 млрд теңге болатын 41 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Биыл соның 30-дан астамы іске аспақ.

Тағы бір қуантарлық жайт, былтыр жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің экспорт көлемі артқан. Тоқыма бұйымдарының өндірісіндегі жеткізілімдер көлемі 21,5%-ға және киім-кешек өндірісінде 12%-ға ұлғайған.

ҚР ИДМ мәліметінше, 2019 жылы экспорттың негізі мақта талшығы, тоқыма материалдары, жабындысы бар немесе пластмассамен қосарланған тоқыма материалдары, төсек-орын жабдықтары болды. Экпорттың басты бөлігін құраған мақта талшығы Қытай, Молдова, Латвия елдеріне жөнелтілсе, тоқыма материалдары - Қытай мен Ресейге, төсек-орын жабдықтары  Ресейге жеткізілген.

Қазақстанда бар-жоғы 30 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны сыртқы нарыққа өнім жөнелтеді. Жалпы, жеңіл өнеркәсіп көлемінің 10%-ға жуығы экспортқа шығарылады.

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының әлеуеті

Қазіргі уақытта жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарына қолдау өнімді экспорттау, еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыру, тауарларды ішкі нарықта шығару, «Бизнестің жол картасы-2020» және «Қарапайым заттар экономикасы» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын іске асыру сияқты өңдеуші өнеркәсіпке бағытталған жүйелі шаралар шеңберінде көрсетіледі.

Сондай-ақ 2019-2021 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту бойынша жол картасы әзірленіп, оны Үкімет мақұлдады. Онда кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, тауарлардың заңсыз айналымына қарсы күрес, Қазақстанның үлесін арттыру, экономикалық ынталандыру, сондай-ақ жүйелі қолдау көрсету сынды 52 іс-шара қарастырылған.

Сонымен қатар тоқыма және тігін өнеркәсібін дамытуға жағдай жасау бағытында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Ондағы инвесторлар 2030 жылға дейінгі мерзімге корпоративтік табыс салығынан, мүлік пен жер салығынан және кеден баждарын төлеуден босатылған.

 

Фото: aplp.kz