Азия даму банкі Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің ЖІӨ өсіміне болжамын жаңартты

Азия даму банкі Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің ЖІӨ өсіміне болжамын жаңартты

2020 жылы Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жалпы ішкі өнімнің өсімі айтарлықтай жоғары болмайды. Коронавирус пандемиясымен күреске бағытталған карантиндік шаралар экономикалық белсенділікті тежеп, сыртқы сұранысты төмендетіп отыр. Бұл туралы Азия даму банкінің жаңартылған болжамында айтылған.

«Азия дамуына шолу 2020» экономикалық есебінде Азия даму банкі өңірдегі өсімді 0,1% деңгейінде болжап отыр. Бұл сәуір айында жасалған 2,2% деңгейіндегі болжамнан төмен әрі 1961 жылдан бері аймақтың дамуына қатысты ең баяу өсім болмақ. Сәуірдегі есепте айтылғандай, 2021 жылы өсім 6,2% дейін күшейеді. Өңірлік жалпы ішкі өнімнің деңгейі алдағы жылы бұрынғы болжанған көрсеткіштен және дағдарысқа дейінгі деңгейден төменірек болады.

«Карантиндік шаралар біршама жеңілдетіліп, жаңа жағдайда экономикалық қызметтің кей түрлері қайта жанданғанына қарамастан, биыл COVID-19 пандемиясының теріс әсері Азия-Тынық мұхиты аймағында әлі де сақталады. 2021 жылы аймақ дамуына қатысты болжам жақсы болғанымен, ол негізінен биылғы жылдағы төмен көрсеткіштермен байланысты. COVID-19 вирусының теріс әсерін төмендетіп, оның таралуының жаңа толқынын болдырмау үшін үкіметтер тиісті саяси шаралар қабылдауға тиіс», - деп мәлім етті Азия даму банкінің бас экономисі Ясуюки Савада.

Гонконг, Корея Республикасы, Сингапур және Тайбэй елдерінің индустриялық экономикаларын есепке алмағанда, Азияның дамушы бөлігіндегі өсім биыл 0,4%, ал 2021 жылы 6,6% құрайды.

Қаржы институты сарапшыларының болжамына сәйкес, 2020 жылы Шығыс Азиядағы өсім 1,3% деңгейінде болмақ. Бұл биыл даму күтіліп отырған жалғыз субаймақ, 2021 жылы ондағы өсім 6,8% дейін артпақ. ҚХР-дағы өсім биыл - 1,8%, келесі жылы 7,4% деңгейінде болжанды.

COVID-19 вирусынан зардап шеккен Оңтүстік Азияның экономикасы 2020 жылы қысқарып, сәуірде болжанған 4,1% салыстырғанда 3% қысқарып, 1,1% құрамақ. 2021 жылға өсім болжамы 6% орнына 4,9% деп өзгертілді. Ал Үндістан экономикасына қатысты 2020 жылға болжам -4% деп көрсетілді.

Орталық Азия аймағы жалпы ішкі өнімінің өсіміне қатысты болжам -0,5% деп өзгертілді. Бұл сәуірдегі болжамнан 2,8% төменірек. Сарапшылар мұны сауда саласындағы іркілістермен және мұнай бағасының төмендеуімен байланыстырады. Ал 2021 жылы өсім қалпына келіп, 4,2% құрайды.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: rus.azattyq-ruhy.kz