Шетелде қазақстандық өнімдерге сұраныс артты

Шетелде қазақстандық өнімдерге сұраныс артты

Қазақстанда өндірілген құрғатылған түйе сүті ұнтағының алғашқы партиясы Қытайға экспортталды. Кептірілген шұбат аспан асты еліне бір аптада жеткізілді. Жоғары талаптарға сәйкес келетін өнім қатаң карантиндік процедуралардан өткен. Бүгінгі таңда еліміздің ҚР Ауылшаруашылық өнімдерін экспорттаушылар қауымдастығы үш жарым тоннадан астам түйе сүтінің ұнтағын жөнелтті. Жеткізілім Мемлекет басшысының өткен жылдың қыркүйегінде ҚХР-ға сапары кезінде қол қойылған келісімдерді орындау аясында жүзеге асырылған.

«Біз Қазақстаннан түйе сүтінен жасалған ұнтақтың үлкен партиясын, яғни 7 мыңнан астам құтысын импорттадық. Бұл сүт емдік қасиеттерімен танымал, иммунитетті күшейтеді. Оның бағасы Интернетте сатылғаннан шамамен 20% төмен болады. Біз бұл өнімдерден өзге, сіздің елден ұн мен минералды суды да импорттауды жоспарлап отырмыз», - дейді қытайлық сауда-инвестициялық компания директорының көмекшісі Чжан Шэнфэн.

Өткен жылы Қытай құны 150 миллиард доллардан асатын азық-түлік импорттаған. Қазақстан өз кезегінде астық, бұршақ дақылдары, сүт өнімдері мен ет өнімдерін қоса алғанда, Аспан асты еліне өнімдердің 18 түрін экспорттауға рұқсат алды. Экологиялық таза және құрамы табиғи қазақстандық тағам өнімдері Халық Республикасында жоғары бағаланады. 2018 жылғы желтоқсанда ҚР Ауылшаруашылық өнімдерін экспорттаушылар қауымдастығы Қытайға мұздатылған қой етінің алғашқы партиясын жеткізген болатын. Ал өткен жылдың соңында елдің шығысындағы Иу қаласында қазақстандық тауарлар павильоны ашылды. Алда өнімдер көлемін арттыру жоспарда бар.

«Сиань қаласында екінші қазақстандық сауда үйін ашуды жоспарлап отырмыз. Сәйкес келісімге «Бір белдеу, бір жол» екінші форумында үкіметаралық деңгейде қол қойылды. Қауымдастық қазір Қытай нарығында жоқ тауар түрін жеткізу жолдарын қарастыруда», - дейді ҚР Ауылшаруашылық өнімдерін экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы Бауыржан Бақшылов.

Қазақстандық тауарларды Қытайдағы интернет-дүкендерден сатып алуға мүмкіндік бар. Ірі сауда алаңдарында  шай, өсімдік майы, тәттілер және ұлттық брендімізге айналған қара шоколад сатылады. Қытайлық тұтынушылар арасында Қазақстанда өндірілген ұнға да сұраныс жоғары.

 

Фото: avestnik.kz