Қазақстан өзен және теңізбен жүк тасымалын арттырады

Қазақстан өзен және теңізбен жүк тасымалын арттырады

2020 жылдың алғашқы 5 айында Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы 2,6 млн тоннаға жуық жүк тасымалданған. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

«Контейнерді ауыстырып тиеуде оң динамика сақталып келеді. Көрсеткіштер 19% -ға артып, 11 712 болды», - делінген хабарламада.

Биылғы қаңтар-мамыр айларында Каспий теңізіндегі порттар арасында 1 млн. тонна жүк тасымалданды. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 104% құрады.

Сәйкесінше, теңіз көлігі кәсіпорындарының кіріс көлемі де өсті. Бүгінгі таңда ол 12%-ға өсіп, 1,3 млрд теңгені құрады. Мұндай мәліметтерді energyprom.kz хабарлайды келтіріп отыр.

Ішкі су жолдарына келетін болсақ, мұнда навигациялық кезеңді уақытында ашу үшін тиісті іс-шаралар жасалды.

Навигация басталғаннан бері өзен көлігімен 153 мың тонна түрлі жүк тасымалданды. Оның ішінде 46 мың тоннасы Ресей Федерациясының Омбы облысына бағытталған. Бұл 2019 жылдың 5 айындағы көрсеткіштен 8% көп.

Биыл республикада өзен көлігімен 1,6 миллион тонна жүк тасымалдау жоспарланған. Оның ішінде 650 мың тоннасы Ресейге бағытталмақ. Айта кетейік, 2019 жылы өзен көлігімен тасымалданған жүктің жалпы көлемі 1,5 миллион тоннаны құрады.

«Кеме қатынасы шлюздерін күрделі жөндеу шеңберінде жыл басынан бері темір-бетон конструкцияларын жөндеу бойынша жұмыстардың жалпы ауданы 4500 м2 немесе жылдық көлемнің 25% атқарылды», - делінген ҚР ИИДМ хабарламасында

Тұтастай алғанда, республикадағы барлық кеме қатынасы шлюздерін күрделі жөндеуден өткізу нәтижесінде  апаттар санын 10,3% дейін төмендетіп, өткізу қабілетін жылына 350 кемеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазірдің өзінде Шығыс Қазақстан облысында кеме қатынасы шлюздерінде жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Жыл соңына дейін ауданы 40 мың шаршы метрден асатын нысандарда бетонды қалпына келтіру жоспарланған. Айта кету керек, жұмыс «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі таңда тек қана Ертіс бассейніндегі жүк тасымалы шамамен 1,4 миллион тоннаны құрайды. Алдағы уақытта Ресей және Қытаймен екіжақты тасымалдау көлемінің ұлғаюын ескере отырып, жүк айналымының 2 есе көбейту жоспарланған.

Жалпы елімізде өзен кеме қатынасы Ертіс, Орал-Каспий және Іле-Балқаш бассейндерінде жүзеге асырылады. Бүгінде салада 14 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

 

Фото: trend.az