Балық экспортының әлеуеті

Балық экспортының әлеуеті

Астықты елідің бидай мен ұн экспортына тең келер ауылшаруашылық өнімі жоқ екені даусыз. Алайда, Қазақстан өзге де өнімдерімен сырт елдерге шығара алады. Сұраныс бар. Бұл орайда әлеуетті салалардың бірі – балық өндірісі. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, өткен жылы балықты қайта өңдеу нәтижесінде жалпы сомасы 60 миллион доллар болатын 30 мың тонна өнім экспортталды. Бұл 2018 жылғы деңгейден 16,6% артық.

Экспорттық бағытта жұмыс істейтін балық өңдеу зауыттарының бірі Жамбыл облысында орналасқан. Кәсіпорын жыл сайын 400 тоннаға жуық балықты сырт елдерге жібереді. Мұнда шығарылған бар өнімнің 70% Ресей, Қытай, Түркия және Еуропа мемлекеттеріне тасымалданып  жатыр. Өзгесі ішкі нарыққа тиесілі. Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларында бұл өнімге деген сұраныс жоғары.

«Күніне шамамен 4 тонна өнім өндіреміз. Көбіне ақтабан балығын өңдеуге басымдық береміз.   Қазір біз балық өнімдерінің 10 астам түрін шығарамыз», - дейді балық зауытының технологы Светлана Третьякова.

Балықшылар Балхаш көлінен ауланған балығын бірден осы зауытқа жеткізеді. Қармаққа түскен шикізат құбыр арқылы өңдеу цехына жіберіледі. Зауыт 4 жыл бұрын индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылды. Қайта жаңғыртуға 470 миллион теңге жұмсалды. Алайда, кәсіпорын әзірге толық қуатта жұмыс істей алмай отыр. Шикізат тапшы. Бар мүмкіндіктің тек 30 пайызы кәдеге жаратылып жатыр.

«Зауытқа тиесілі балық аулайтын аумақтар жеткізіліксіз. Бар болғаны осындай екі-ақ аумақ бар. Салдарынан жылына 1,5 – 2 мың тоннаға дейін балық өңдеу мүмкіндігі бар зауыт, жылда өнім көлемін 230 тоннадан асыра алмай келеді», - дейді балық зауытының директоры Сергей Ни.

Осыған байланысты, қазіргі уақытта Министрлік балық шаруашылығын және онымен сабақтас салаларды ұзақ мерзімді дамыту үшін, соның ішінде инвестициялар тартуға және жұмыс орындарын ашуға септігін тигізетін субсидиялау бойынша бірқатар заңнамалық шараларды пысықтауда. Саланың мамандары отандық балық өнімдері нарығының көлемін ұлғайтудың жоғары әлеуеті бар екеніне сенімді. Бұған осы күнгі жетістіктер дәлел. 2019 жылы Қазақстанда 45 мың тонна балық ауланды. Бұл 2018 жылғы деңгейден 23% жоғары. Бүгінде елімізде балық өсірумен 180 балық шаруашылығы айналысады. Әсіресе тауарлы балық өсіру көлемінің артқаны байқалады. Былтыр 6,9 мың тонна балық өсірілді. Бұл 2018 жылғы деңгейден 19% жоғары. Биылғы жоспар - 7,8 мың тонна.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: media-polesye.by