ЭЫДҰ әлем экономикасының дамуына қатысты болжам жасады

ЭЫДҰ әлем экономикасының дамуына қатысты болжам жасады

Коронавирус пандемиясынан туындаған дағдарыс ұзаққа созылуы мүмкін. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшылары екі сценарийді алға тартады. Соның біріне сәйкес, індеттің екінші толқыны болмаса, биылғы жылы әлемдік ЖІӨ 6%-ға, ал Еуроаймақтың ЖІӨ 9,1%-ға төмендейді. Ал 2021 жылы әлемдік экономика 5,2%-ға өседі. Бір айта кетерлігі, наурыз айында ЭЫДҰ 2021 жылы әлемдік экономика өсімінің көрсеткіші 3,3% құрайды деген болатын.

«Пандемияның екінші толқыны қарастырылған теріс сценарий бойынша биыл әлемдік ЖІӨ 7,6%-ға құлдырауы мүмкін. 2021 жылы ЭЫДҰ әлемдік экономикалық өсімге қатысты наурызда айтқан болжамын 0,5 пайызға төмендетіп, 2,8% деңгейінде қарастырып отыр»,- делінген хабарламада.

Сондай-ақ, ЭЫДҰ бағалауы бойынша, жаһандық ЖІӨ 2020 жылдың бірінші тоқсанында шамамен 3%-ға төмендеген. Ал вирустың таралуына байланысты шаралар көптеген елдерде тек наурыз айында ғана енгізілген.

«Қытайдағы өндірістік белсенділік бәсеңдеп, 2019 жылдың төртінші тоқсанындағы деңгейден 10%-ға төмендеді. Азияның басқа елдерінде де өндіріс қысқарды», - делінген ЭЫДҰ зерттеуінде.

Сондай-ақ, сарапшылар 2020 жылдың алғашқы үш айында тауарлар мен қызметтер көлемінің 3%-дан астамға төмендеуіне байланысты қазір әлемдік сауда күрт қысқарғанын айтып отыр. Дағдарыс әсіресе әуе тасымалына кері әсер етті. Сәуірде халықаралық жолаушылар тасымалы өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 98%-ға түсіп кеткен. ЭЫДҰ деректері бойынша, халықаралық жүк тасымалы сәуір айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 30% -ға қысқарған.

«Сәуірде халықаралық экспорттық тапсырыстардың көлемі күрт азайып, мамыр айында жағдай мүлдем нашарлады. Жалпы, індеттен Еуропа елдерінің экономикасы ең қатты зардап шеккен. Сонымен қатар, коронавирус кесірін қатты сезініп жатқан Үндістан мен Индонезия экономикасы да алаңдаушылық тудырады», - делінген Ұйым хабарламасында.

ЭЫДҰ экономиканың қалпына келуі баяу әрі тұрақсыз болатынын ескертеді. Ұйым өкілдерінің пікірінше, «пандемияның қайта бас көтеру мүмкіндігін қарастыра отырып, белгісіздік жағдайында әлем елдерінің икемді саясаты қажет».

Сонымен қатар, баяндама авторлары жалпы халықаралық ынтымақтастықты күшейтудің маңыздылығын айтады.

«Білім, медициналық және қаржылық ресурстармен алмасу, экономикаға кері әсерін тигізетін саудаға тыйым шараларын азайту пандемияға қарсы тұру үшін аса маңызды», - делінген хабарламада.

 

Фото: iac.kz