Былтыр ел қазынасының жартысына жуығы әлеуметтік салаға жұмсалды

Былтыр ел қазынасының жартысына жуығы әлеуметтік салаға жұмсалды

Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін қарау кезінде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті.

«Өткен жылы бюджет шығыстары есебінен 344 бюджеттік бағдарламаны қаржыландыру арқылы 53 стратегиялық бағыт жүзеге асырылды. Стратегиялық жоспарлардың 264 индикаторына қол жеткізілді. 13 мемлекеттік бағдарлама қаржыландырылды. Соның ішінде, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында мыңдаған тұрақты жұмыс орны ашылды. Транзиттік жүк көлемі 20 млн тоннаға жуықтады. 115 шақырым жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру желілері салынды және реконструкцияланды», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 19 мыңнан астам пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарына, көпбалалы отбасыларға және жұмыс істейтін жастар үшін пайдалануға берілді. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бағытында 22 мың жас техникалық кәсіптік оқумен қамтылды, 19 мың адам микрокредит пен грант алды. Алғаш рет шамамен 6 мыңға жуық жас жеке ісін ашты және кеңейтті.

«Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 4,5 пайызды құрады. Негізгі капиталға инвестициялардың көлемі 8,5 пайызға ұлғайды. Салалар арасында инвестициялардың елеулі өсуі ауыл шаруашылығында  41,1 пайыз, өнеркәсіпте 15 пайыз, жылжымайтын мүлікпен операцияларда 14,7 пайызға өсті. Үкімет жұмыспен қамтамасыз ету, көп балалы отбасылар мен жастарды қолдау жөніндегі шараларды кеңейтті. Президенттің тапсырмасын орындау барысында халықтың әлеуметтік осал топтарының екінші деңгейлі банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы 716 мың кепілсіз тұтыну қарыздары өтелді», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Қаржы министрінің мәліметінше, негізгі борышты төлеу шартымен өсімақылар мен айыппұлдарды есептен шығару бойынша салық рақымшылығын 56 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі мен 750 мыңнан астам жеке тұлға пайдаланған.  Жалпы алғанда бюджетке 10,6 трлн теңге түсті. Әлеуметтік шығыстар 2018 жылмен салыстырғанда 22 пайызға ұлғайып, 5,2 трлн теңгені құрады.

«Мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру үшін Үкіметте тиісті шаралар дайындалуда. Атап айтқанда, мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялық жоспарлардың нысаналы индикаторларын өзгертуге тыйым салынатын болады. Мемлекеттік бағдарламаларда қаржылық қолдау алушы кәсіпкерлердің қарсы міндеттемелерінің түрлері де қарастырылады», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Бұл жобада стратегиялық және бюджеттік жоспарлау жүйесінің тетіктерін қайта қарау, бюджеттік инвестициялардың болжамдық экономикалық тиімділігін бағалау нормасын енгізу, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау шараларын жеткізетін операторларға қазынашылық органдарда арнайы шот ашу қарастырылған. Барлық ұсынылған өзгерістер бюджеттік үрдісті жетілдіруге бағытталған.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: nb.kz