Асқар Мамин: Әрбір теңге экономикаға пайда әкелуі тиіс

Асқар Мамин: Әрбір теңге экономикаға пайда әкелуі тиіс

Халықаралық рейстерді кезең-кезеңмен жандандыру жоспарланып отыр. Бұл туралы үкімет отырысында еліміздің индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді.

«Осы маусым айының соңында Қазақстан және Түркия арасында халықаралық рейсті қайта ашу көзделген. Эпидемиологиялық жағдай әрі қарай жақсарып жатса, басқа елдермен әуе қатынасын жандандыру жоспарда бар», - деді министр.

Айта кетейік, 1 мамыр айынан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан еліміздің 20 қаласына ішкі әуе рейстері кезең-кезеңмен жандандырылғаны белгілі. Қазіргі таңда 44 ішкі бағыт бойынша аптасына 349 рейс орындалуда. 188 мың әуе билеті сатылды. Сондай-ақ, араға тура бір ай салып елімізде 54 жолаушылар пойызы қайта жүре бастады. Бүгінде пойыздарға 645 мың билет сатылған.

Биыл көлік саласында контейнерлік тасымалдар көлемі де өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30,1% артқаны байқалады. Бейбіт Атамқұлов жыл басынан өнеркәсіп саласының даму қорытындылары туралы баяндады. 2020 жыдың алғашқы 5 айының қорытындысына сай, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,8% ұлғайған. Бұл өсім түсті металлургия, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, машина жасау сынды негізгі салалар есебінен қамтамасыз етілді.  

«Машина жасау саласы жақсы нәтиже көрсетіп, өндіріс көлемі 18,5% өсті. Автокөлік құралдары, трейлерлер және ашық тіркемелер 47,1%, машиналар мен жабдықтар 6,7%, өзге көлік құралдарын жасау 125,2%, компьютерлер жасау 3,8% өсті», - деді ведомство басшысы.

Осы жылдың бес айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1% өсті. Сонымен қатар, мамыр айында биылғы сәуір айымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 32% артты. Оған қоса, жеке инвестициялар көлемінің өсімі 25,7% құрады.

«Біздің міндетіміз – қысқа мерзімде экономиканың дағдарысқа дейінгі даму қарқынын қалпына келтіру. Бұған экономиканы қолдау және осы жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру бойынша біз қабылдаған шұғыл шаралар ықпал етуі тиіс», - деді үкімет басшысы Асқар Мамин.

Премьер-министр өңірлердің экономикалық өсімді қалпына келтірудің кешенді жоспары, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мен отандық өндірісті барынша қолдау, инвестициялар тарту, экспортты ілгерілету, халықтың жұмыспен қамтылуын сақтау және тұрақты жұмыс орындарын құру үшін барлық  шараларды белсенді түрде қабылдау қажеттігін атап өтті.

«Қазіргі жағдайда бюджет қаражатын ұтымды әрі тиімді жұмсау қажет. Әрбір теңге экономикаға пайда әкелуі тиіс», – деді Асқар Мамин.

Премьер-министр өткен жарты жылдың қорытындысы бойынша орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жұмысының тиімділігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралатынын атап өтті.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: egemen.kz