Карантиннен кейін қызмет көрсету және өндірістік салалар серпінді дамып келеді

Карантиннен кейін қызмет көрсету және өндірістік салалар серпінді дамып келеді

Шектеу шараларының жеңілдеуіне байланысты мамыр айынан бастап қызметтер секторы бойынша жекелеген салалардың қалпына келуі байқалады. Бұл туралы үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баян етті. 

Ол келтірген мәліметке сәйкес, сауда - 28,3%, көлік қызметтері - 20,7%, жолаушылар тасымалы - 41,5%, жүк айналымы 5,7% артты. Ал тамақтану бойынша қызметтер 10,8% өсті. Жалпы, жыл басынан тауарлар өндірісі 4,8%-ға өсіп келетіні тіркелген. Сауда балансының оң сальдосы өткен жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 4,0% ұлғайды. Өндірістік секторда өсу жалғасып келеді.

«Экономикалық белсенділікті одан әрі қалпына келтіру мақсатында 20 мамырда 2020 жылға арналған кешенді жоспар қабылданды. Ол қолданбалы сипаттағы нақты шараларды қамтиды. Бұл алдымен - өнеркәсіпті дамыту қорын құру. Өңдеуші кәсіпорындарға 3% жеңілдетілген мөлшермен несие беру көзделіп отыр», - деді министр.

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев та іскерлік белсенділік артқанын алға тартып отыр. Елдегі 450-ге тарта ірі, орта және шағын кәсіпорынға жүргізілген пікіртерім нәтижесі бойынша өнеркәсіп, құрылыс, қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік индексі сәуір айындағы 37,2 тармақпен салыстырғанда мамырда 44 тармаққа дейін өсімді көрсеткен.

Ұлттық банк төрағасы әлемдік нарықтарда мұнай бағасы қайтадан өсіп келе жатқанын да мәлім етті. Оның айтуынша, карантин шараларын бәсеңдету экономикалық белсенділіктің және энергия ресурстарына сұраныстың қайта жаңғыруына ықпал етіп отыр.

«ОПЕК+ мұнай өндірісін қысқарту туралы уағдаластығын іске асыру есебінен мұнай нарығындағы теңгерімділік біртіндеп реттелуде. Мамырда мұнайға баға белгілеу бір баррель үшін 25,3 АҚШ долларынан 35,3 АҚШ долларына дейін, яғни 39,8% өсті. Ал 8 маусымдағы жағдай бойынша әлемдік нарықтарда мұнайдың бір баррелі 40,8 АҚШ доллары деңгейінде жабылды», - деді Ерболат Досаев Үкімет отырысында.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов


Фото: kapital.kz