Оңтүстік Азия және Африка: қазақстандық тауарлардың жаңа әлеуетті нарықтары

Оңтүстік Азия және Африка: қазақстандық тауарлардың жаңа әлеуетті нарықтары

Қазақстанда жасалған өнімдер кімді қызықтыруы мүмкін? Отандық өндірушілер назар аударуы тиіс басымдықтар қандай? Азия мен Африка континенті қандай тауарларды қажет етеді? Осы сұрақтардың жауабын табу үшін мұқият талдау қажет. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы экспорт географиясын кеңейту жұмысы шеңберінде Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына қатысушы елдердің нарығына зерттеу жүргізді. Қазақстан ИЫҰ-ның бірқатар елдерін отандық тауарларды, әсіресе қайта өңделген өнімдерді жеткізуде перспективалық нарықтар ретінде қарастыратынын айту керек.

Консервілер, кәмпиттер, болат және металл құбырлар Оңтүстік Азия нарығында сұранысқа ие

QazTrade мәліметтері бойынша, Қазақстанның Оңтүстік Азия елдерімен жиынтық тауар айналымы 2,3 млрд долларды құрайды. Оның ішінде 79,7% немесе 1,9 млрд доллары Үндістанға тиесілі, ал екінші орында Ауғанстан елі тұр. Сарапшылардың пікірінше, аймақтағы осы екі нарықпен өзара сауданы кеңейту әлеуеті қазақстандық экспортты тағы 500 млн долларға өсіруге мүмкіндік береді!

«Оңтүстік Азия нарығының қажеттілігін зерттеу аталған аймаққа қазақстандық өңделген өнімдер үшін экспорттық әлеуеттің бар екенін көрсетті. Егер оларға Ауғанстан нарығы арқылы шығуды қарайтын болсақ, онда ұзақ уақыт сақталуға мүмкіндігі бар азық-түлік өнеркәсібінің тауарлары әлеуеті басым болады: ұн, кондитерлік өнімдер, консервілер. Қазақстандық тауарларға деген жоғары тұтынушылық сұранысты біз Үндістанда да көріп отырмыз. Мұнда өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің ең үлкен әлеуеті бар тауарлар: минералды өнімдер, машиналар, жабдықтар, аспаптар мен аппараттар, асыл емес металдар және олардан жасалған бұйымдар»,- деп мәлімдеді ҚР Сауда және интеграция министрлігінің QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры Арман Әбенов.

Африка бізден тыңайтқыштар, ауылшаруашылық техникасын, трансформаторлар мен аккумуляторлар сатып алуға дайын

QazTrade мамандары зерттеген тағы бір нарық – Африка.

 «Африка бүгін – ең тез дамып келе жатқан құрлық. Біз олардың нарығында қазақстандық бизнеске айтарлықтай пайда әкелетін бағыттарды игеру үшін тиімді сәтті пайдалануымыз керек. Қазақстандық құрылыс компанияларының жол инфрақұрылымы нысандарын салуға қатысуы үшін қолайлы мүмкіндіктер, африкалық нарыққа қару-жарақ пен әскери техниканы жеткізу перспективалары, африкалық студенттерді ҚР жоғары оқу орындарында оқыту мүмкіндіктері бар», - деді Әбенов зерттеу нәтижелерімен бөлісе отырып.

Атап айтқанда, QazTrade зерттеуі қазақстандық химия өнеркәсібі мен машина жасау өнімдерінің экспорты қолайлы бағыт болып табылатынын көрсетті. Африканың өз өндірісі жоқ екенін, ал өсіп келе жатқан агроөнеркәсіп кешені осы өнімді қажет ететінін ескере келе, Қазақстан Африка нарығына тыңайтқыштар мен минералдық шикізатты жеткізуді жолға қоя алады. Сонымен қатар, африкалық елдердің басым көпшілігінің экономикаларының негізінде ауыл шаруашылығының үлесі негізгі бағыт болып табылады, ауыл шаруашылығы техникасы мен жинақтауыштарға деген қажеттілік ұдайы өсуде. Бұл жағдайда отандық трактор зауыттары мен басқа да қазақстандық кәсіпорындардың мүмкіндіктерін пайдалануға болады. Сондай-ақ Африка елдерінің нарығында трансформаторлар, аккумуляторлар мен подшипниктер, сондай-ақ металлургиялық кешен өнімдері - ферроқорытпалар мен болат құбырлар сұранысқа ие болуы мүмкін. Сонымен қатар, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері: ұн, жарма, май мен сары май, кондитерлік өнімдерді экспорттау мүмкіндіктері де бар.

ИЫҰ елдері Қазақстаннан импортты арттыруға дайын

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының өкілдері Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы елдерінің арасындағы сауда ынтымақтастығы жөніндегі Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының семинар-кеңесіне қатысты. Отырысқа қатысушылар соңғы жағдайларды ескере отырып әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін, сондай-ақ, ИЫҰ елдеріне қазақстандық экспортты жылжытудың мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының өкілдері ұйымға қатысушы елдердің нарықтарында қазақстандық тауарларды ілгерілетуде жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті. Оның ішінде ИЫҰ-на мүше 57 елдің жеке сектормен ақпарат алмасуына және байланыс орнатуын ұйымдастыруға, сондай-ақ жекелеген мемлекеттердің агроөнеркәсіптік кешені тауарларына қажеттілігінің тізімін қалыптастыруға атсалысуына дайын екендігін мәлімдеді. Осы елдердің нарықтарында сұранысқа ие қазақстандық тауарлар үшін тауарларды тасымалдау және сақтау процесіне жәрдем көрсету де қарастырылады.

 

Фото: ostov.info