ҚР ҰЭМ: Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 96 млрд долларға жетті

ҚР ҰЭМ: Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 96 млрд долларға жетті

Еліміздің экономикалық әлеуеті жөнінде салалық ведомство басшысы Руслан Дәленов онлайн режимде халық алдында есеп берді.

Министрдің сөзіне қарағанда, былтыр  ЖІӨ өсімі 4,5 пайызды құрады, инфляция – 5,4%. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 8,5% өсті. Жұмыссыздық 4,8 % деңгейінде болды. Экспорт 58 миллиард долларды қамтыды. Жалпы, сыртқы сауда айналымы 96 миллиард долларға жетті. Биылғы қаңтар-сәуірде экспорт 18 миллиард  доллар құрады.

Оның айтуынша, карантиндік шаралар аясында жыл басынан әлемдік экономикада іскерлік белсендік деңгейінің баяулағаны, сондай-ақ негізгі биржалық тауарларға конъюнктураның төмендеуі байқалуда.

«Үстіміздегі жылдың 4 айында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыларына тоқталып өтпекпін. ЖІӨ 0,2 пайызға төмендеді. Сонымен бірге, тауар өндірісі 5,8 пайызға өсті. Дегенмен қызметтер 4 пайызға қысқарды. Негізгі капиталда инвестицияның өсімі нақты мәнде 0,9 пайызды құрады. Бұл былтырғы көрсеткіштен төмен. Дегенмен өсімнің оңтайлы артуы сақталуда. Инвестиция тарту бағытында жаңа қадамдар ескерілуде», - деді минтстр

Ұлттық экономика министрі елімізде бизнесті қолдаудың жаңа бағыты туралы да баяндады. Оның айтуынша, несиелер мен кепілге қолжетімділік мәселесін шешу – шағын және орта бизнестің даму факторы. Сондықтан «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасына «микро және шағын бизнесті микрокредиттеу» жаңа бағыты қосылады. Ол 6% аспайтын мөлшерлеме бойынша субсидиялау арқылы қаржыландыруды көздейді. Несие көлемі айналымдағы құралдарды толықтыруға 5 миллион теңгеге дейін, өндірістік қажеттілікке 20 миллион теңгеге дейін беріледі. Бұл микробизнес өкілдерін кең көлемде қамтуға жол ашады.

«Жаңа бағыт «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізуді, сондай-ақ, рәсімдер мен екінші деңгейлі банктерді тартуды талап етеді. Сондықтан, жаңа бағытты осы ай ішінде іске қосу жоспарланып отыр», - деді Руслан Дәленов.

Руслан Дәленов «Халық қатысатын бюджет» жобасы туралы да түсіндірді. Биыл қанатқақты бастаманы облыстық маңызы бар және басқа да қалаларға енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жоба «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау аясында шешім қабылдау процесіне тұрғындарды тарту масқатында жүзеге асырылып жатыр.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы келесі тәртіп бойынша жүзеге асырылады: веб-порталда идеялар конкурсы өткізіліп, нақты сол ауданның барлық тұрғыны аудандық әкімдікке өздері маңызды деп тапқан жобаны жүзеге асыруды ұсынады. Келіп түскен өтінімдер талданып, кейін ол бойынша «1 тұрғын-1 дауыс» тәртібімен ашық дауыс беру жүргізіледі. Дауыс берудің нәтижесі бойынша сарапшылық қауымдастық жобаларды қаржыландыру кезегін белгілейді. Аудандық әкімдіктің сайтында тұрғындардың қандай жобаға қалай дауыс бергенін көруге болады. Жобалардың авторы, статусы, суреті жарияланады», - деп хабарлады ұлттық экономика министрі

2019 жылы птлоттық жоба аясында Алматы мен Нұр-Сұлтан азаматтары 1,5 миллиард теңгеге ұсыныс беріп, аулаларды абаттандыру, аула және спорт алаңдарын салу жөнінде 69 жоба мақұлданды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: 24.kz