Қазақстан ОПЕК+ қолданыстағы келісімнің мерзімін ұзарту туралы шешімді қолдады

Қазақстан ОПЕК+ қолданыстағы келісімнің мерзімін ұзарту туралы шешімді қолдады

ОПЕК+ ұйымына мүше елдер қолданыстағы келісімнің мерзімін ұзартты. Қатысушы мемлекеттер мұнай өндірісін шілденің соңына дейін қысқартпақ.  Осы уақыт ішінде бұған дейін уағдаласқан көлемде тәулігіне 9,7 млн баррель мұнай өндіріледі. Қара алтын экспорттаушы 20 ел шикізаттың көлемін 1 тамызға дейін азайтатын болады. Оның ішінде Қазақстан өндірісті 390 мың баррельге қысқартып отыр.

Еске сала кетейік, наурыз айында тараптар келісімге келе алмай, қара алтын бағасы құлдырап кеткен болатын. Бұл өз кезегінде әлемдік экономикаға кері әсерін тигізді.

Мамыр-маусым айларына жасалған келісімді тағы бір айға ұзарту шешіміне бұл жолы Мексика көнбеген. Оған қатысқан өзге елдер бұл шешімді қолдады. Әзірге Сауд Арабиясы, БАӘ, Кувейт барлық талаптарды мүлтіксіз орындап келеді. Ал Әзербайжан, Нигерия, Ирак сынды белгіленген квотаны асырған мемлекеттер өндірісті алдағы үш айда азайтуға міндетті. Мәселен, Алжир оның тек 7% орындаған. Кездесудің алдындағы мамырдың соңғы аптасы мен маусымның басында мұнай бағасының 10% артқаны байқалады. Соңғы үш айдан бері Brent маркалы қара алтын баррелі бірінші рет 42 долларға қымбаттады. Қазір мұнай нарығы реттеліп келеді. Мамандар бағаның әлі де өсетінінен үмітті. Болжамға сай, сұраныс шілде айында арта түседі деп күтілуде.

Қазақстанның Энергетика министрлігі ОПЕК+ шешімін қолдады. Ведомствоның хабарлауынша, ағымдағы келісім әлемдік мұнай индустриясына оң әсер еткен. Қоймада тауардың іркілуі болмады, ол өз кезегінде қара алтынның әлемдік бағасының өсуіне серпін берді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: finance.kz