Экспорттық өндіріс: Қазақстанда өндірілген түйе сүтінің құрғақ концентраттары әлем нарықтарында сұранысқа ие

Экспорттық өндіріс: Қазақстанда өндірілген түйе сүтінің құрғақ концентраттары әлем нарықтарында сұранысқа ие

Қазақстан – түйе сүтін өндіру және өңдеу бойынша әлемдегі көшбасшы. Денсаулыққа пайдалы концентрат шығаратын тағы бір зауыт Қызылорда облысында ашылады. Жылдық қуаты 130 тонна болатын өндіріс Арал ауданында бой көтереді. озық технологиялық желі бойынша өңделген өнім негізінен экспортқа шығарылады.

«Жобаға бағытталатын инвестиция көлемі бір жарым миллиард теңгені құрайды. Зауыт құрылысын үстіміздегі жылдың 1 тамызына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Өндірілген өнімді түгелдей шет мемлекеттердің нарықтарына жеткізетін боламыз. Оған Қытайда, Еуропа мен Америкада сұраныс жоғары», - дейді компания директоры Нөгербек Әбілғазин.

Жобаның тиімділігі жоғары болмақ, дейді мамандар. Аймақта өндіріске қажет шикізат жеткілікті. Мұнда қазір оннан аса асыл тұқымды түйе шаруашылығы бар. Ондағы өркешті мал саны 50 мың басқа дейін барады.

«Шалқар ауданының 9 ауылы, Қазалы ауданы, Бозой ауылы мен 25 елді мекенде сүт қабылдайтын сыйымды ыдыстар қойып шықтық. Барлығы бұрын түйелерін бос жіберген, жабайы кеткен түйелер. Соның бәрін қолға үйретіп, халық қуанып жатыр. Бәрі бірігіп, түйені саууға үйретіп жатыр. Зауыттың келешегі өте зор», - дейді жоба үйлестірушісі Жаралхан Ермаханов.

Бүгінде елімізде құрғақ түйе сүтін өндірумен айналысатын бірнеше заманауи зауыт бар. Соның бірі Маңғыстау облысында орналасқан. Онда шұбаттан бастап, ірімшік және ашыған сүт өнімдеріне дейін, барлығы тағамның 40-қа жуық түрі шығарылады. Зауыттың аттестациядан өткен зертханасында өнімнің майлылығы және қышқылдығы бойынша сынамалар жүргізіледі.

«Экспортты дамытуға мүмкіндік мол. Түйе сүтін және шұбатты Ресейден сатып алушылар табылып жатыр», - дейді зауыт директоры Асхатжан Ыбыраев.

Ал Түркістан облысындағы тағы бір кәсіпорын жылына 2,5 мың тонна құрғақ сүт өндіреді. Зауытта Қытайдан әкелінген озық технологиялар төмен температурада құрғақ стерилизациялау арқылы өнімнің құнарлылығын жоғалтпауға мүмкіндік береді.

«Алдағы уақытта косметикалық құралдар, йогурт, консервілер шығару жоспарымызда бар. Зауыт қуаты тәулігіне 100 тонна құрғақ сүт жасауға жетеді», ­­– дейді Түркістан облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ғанибек Әубәкіров.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан «органик» белгісі бар төл өнімдерімен әлемнің көптеген елдерінің нарықтарын бағындыруға қауқарлы. Жақында, отандық зауыттардың бірі Қытайға түйенің құрғақ сүтінің алғашқы партиясын жөнелтті. Отандық өнім Ланжоу провинциясының дүкендерінде сатылады, кейін Бейжің сөрелеріне де жетіп қалуы мүмкін. Жоспар бойынша, денсаулыққа пайдалы тағам түрін Аснап асты елінің тағы 4 провинциясына жеткізу көзделген. Одан басқа, қазақстандық саумал Ресей, Беларусь елдерінде сұранысқа ие. Ал АҚШ пен Еуропа елдерінің тұтынушылары қазақстандық төл өнімді Amazon сайтынан сатып ала алады.

 

Фото: inform.kz