Алматыда биыл алты өнеркәсіптік парк құрылады

Алматыда биыл алты өнеркәсіптік парк құрылады

2020 жылы Алматының Индустриялдық аймағында алты шағын өнеркәсіптік парк іске қосылады. Қазіргі уақытта жобалық жұмыстар аяқталып, учаскелерде құрылыс-монтаж кезеңі басталмақ. 28 мың шаршы метр аумақта құрылыс, жиһаз, жеңіл және тамақ өнеркәсібі саласында 70-ке жуық өндіріс ошпағы орналасады. Нәтижесінде 700-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Өндірістік үй-жайлар шағын және орта бизнес субъектілеріне жеңілдікті шарттармен жалға беріледі. Бүгінде онда жеке ісін жүргізуге 56 компания қызығушылық танытып отыр. Қазіргі таңда бұндай үш өнеркәсіптік саябақ жұмыс істейді. Онда жиһаз, галантерея, сусындар, кофе қуыру өндірісі бар. Әлеуетті қатысушылармен қағаз, спойлерлік өнімдердің өндірісін жолға қою бойынша келіссөздер жүргізілуде.

2020 жылы тағы 10 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Инвестициялардың жалпы сомасы 30,5 миллиард теңгені құрайды. 2021 және одан кейінгі жылдары 159,5 миллиард теңгеге 36 жобаны іске қосу жоспарда бар. 20 кәсіпорын экспортқа бағытталған өнім шығаруды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Алматы Индустриялық аймағы 2012 жылы құрылған болатын. Бүгінде онда 58 компания резидент, оның ішінде Қытай, Ресей, Жапония, Иран, Малайзия, БАӘ, Германия, Оңтүстік Корея, Түркия, АҚШ сынды  18 шетелдік  компанияның қатысуы бар. Олар 260 миллиард теңгеге инвестиция салып, 8,5 мың жұмыс орны ашылады.

Бүгінде пайдалануға берілген 12 кәсіпорынның жалпы инвестициясы 68,8 миллиард теңгені құрайды.  Осы күнге дейін 1,9 миллиард теңге салық төленді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: indzone.kz