Сарапшылар: e-commerce нарығы дамудың жаңа кезеңіне түсті

Сарапшылар: e-commerce нарығы дамудың жаңа кезеңіне түсті

Әлем бизнесі жаңа жағдайға бейімделіп, маркетингтің әдеттен тыс қадамдарын іздеуге ден қойған. Мұны сарапшылар макротенденция деп атап отыр. Пандемияға дейін онсыз да қарқынды дамып келе жатқан электронды коммерцияның өркендеуі қазір тіптен күшейе түскен. McKinsey&Company халықаралық консалтингтік компаниясының сарапшылары соңғы уақытта тауарлардың барлық түрлерін онлайн сатып алуға сұраныс артқанын айтады. Сол себепті компания өкілдері бизнеске дәл осы секторға назар салып, қаржы құюға кеңес береді.

Пандемия жағдайында лайф-стриминг сынды сату құралын Қытайдың ежелгі жібек өндірушілері де пайдаланып, жоғары баға берді. Олар өз өнімдерін Интернеттегі тікелей трансляциялар арқылы сата бастады.

«Пандемия сатылымға тікелей әсер еткеннен кейін, оффлайн брендтерді онлайн платформаларда қолжетімді ету міндетті болды. Бізге бұрын интернет дүкендерге шығып, сауда жүргізудің қажеті жоқ еді. Себебі біздің өнім мұны қажет етпейді. Онсыз да сұраныс өте жоғары болатын. Дегенмен, жаңа формат енді біздің басты бағыттарымыздың бірі болады»,- дейді Шанхай жібек компаниясының арт-директоры Чжан Нинцзя.

Интернеттегі тікелей трансляциялардың тиімділігі туралы қытайлық кеңсе тауарлары компаниясының өкілдері де айтып отыр. Бұл тәсіл оларға сату көлемін ұлғайтуға және жеткізілім географиясын кеңейтуге мүмкіндік берген.

«Дәстүрлі маркетингте сізге жаңа өнімді ұсыну үшін 2-3 ай дайындалу керек. Әр түрлі іс-шаралар мен акциялар ұйымдастырып отыру қажет. Ал лайф-стрим көмегімен мақсатқа жылдам жетуге болады. Жарнамаға кететін шығынды есепке алсақ, лайф-стрим тиімдірек»,- дейді қытай кеңсе тауарларын шығаратын компанияның электрондық коммерция менеджері Чэнь Линь.

Бұл сауда индустриясындағы жалғыз ноу-хау емес. Көптеген кәсіпорындар өз бизнесіне арналған жаңа девайстар ойлап таба бастады. Электрондық коммерция чат боттары, жасанды интеллект, машиналық оқыту және bigdata сынды әр түрлі IT-әзірлемелерді қолданады. Мысалы, америкалық электрондық сауда платформалары киімдерді виртуалды өлшеп көру қызметін іске қосты. Сонымен қатар, бұл қызметті тұрмыстық техника сатушылары да қолдануда. Заманауи технологияның арқасында таңдаған заттың интерьерде үйлесімділігін алдын-ала көруге мүмкіндік бар.

Қазақстан да жаһандық тенденциялардан тыс қалған жоқ. Интернеттегі жарнамалық сайттардың бірінің бас директоры қазақстандықтардың интернет-дүкендерге деген қызығушылығы артқанын атап өтті.

«Қазір туындаған жағдай тұтынушылардың интернет-дүкендерге деген қызығушылығының артуына алып келеді. Сонымен қатар, бизнесті электронды коммерцияға көбірек көшуге итермелейді деп ойлаймыз», - дейді Мария Левина.

Айта кетейік, тағы бір ірі қазақстандық электронды сауда платформасындағы тапсырыстар сомасы 69 миллиард теңгеге жетіп, рекордттық көрсеткішті жаңартты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.

 

Фото: tadviser.ru