2019 жылы 3,3 млрд доллар көлемінде қазақстандық АӨК өнімдері экспортталды

2019 жылы 3,3 млрд доллар көлемінде қазақстандық АӨК өнімдері экспортталды

Былтыр қазақстандық агроөнеркәсіп кешені өнімдерін экспорттау көлемі артты. Атап айтсақ: Қытайға 50,5%, Орталық Азия республикаларына 7,4%, Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне 8,2%, ал Парсы шығанағы мемлекеттеріне 3,2 есеге ұлғайды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров есеп беру кездесуінде айтты

«Жалпы, өткен жылы қазақстандық өнімдер әлемнің 72 еліне экспортталды. Бұл ретте, өткен жылдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 6,4 пайызға артып, 3,3 миллиард АҚШ долларына жетті. «Коронавирус пандемиясы салдарынан орын алған дағдарысқа қарамастан, 2020 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешен саласында тұрақты жағдай сақталуда. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2,2% ұлғайды, тамақ өнімдерін өндіру көлемі 2,4% өсті», - деді Сапархан Омаров

2019 жылы салаға 501,6 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бұл 2018 жылдан 41% артық. Биыл да осы бағытта жұмыс жалғасады. 

«Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар 10,1% ұлғайып, 98,4 миллиард теңгені, тамақ өнімдерін өндіру көлемі 14,9% өсіп, 20,6 миллиард теңгені құрады. Мал шаруашылығында жалпы өнім шығару 2,3% көтерілді. Өндіріс көлемінің өсуі ет өндірісінің 3,6, сүттің 3,2 пайызға өсуімен байланысты болды», - ведомство басшысы

Оның дерегінше, мал шаруашылығын дамытуға «ҚазАгро» 2019 жылы 156,5 миллиард теңге бағыттады. Құны 53 миллиард теңге болатын 82 мың бас ірі қара мал әкелу және 12,3 миллиард теңгеге 374 мың бас ұсақ мал сатып алу жүзеге асырылды. Сондай-ақ, құны 19,1 миллиард теңге болатын 16 жаңа инвестициялық жоба қаржыландырылды. Бұдан бұрын қаржыландырылған жобаларды ескергенде, 2019 жылы мал шаруашылығында жалпы құны 64,3 миллиард теңгеге 54 инвестициялық жоба енгізілді.

«Министрлік елдің эпизоотикалық және фитосанитарлық салауаттылығын қамтамасыз ету және қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізетін экспорттық нарықтар ашу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. «Орталық-облыс-аудан» қағидаты бойынша ветеринариялық бақылау вертикалі заңнамалық деңгейде қалпына келтірілді, бұл бақылауға жататын өнімдер қозғалысын қадағалауды күшейтуге және өнімнің «егістік алқабынан үстелге дейін» қадағалануын қамтамасыз етуге септігін тигізеді», - деді министр

Сондай-ақ, Сапархан Омаров 2022 жылы қайта өңделген ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты 2,5 есеге ұлғаятынын жеткізді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов