ДБ сарапшысы: агроөнеркәсіп ОА елдері экономикасының қозғаушы күшіне айналуы мүмкін

ДБ сарапшысы: агроөнеркәсіп ОА елдері экономикасының қозғаушы күшіне айналуы мүмкін

COVID-19 жаһандық індеті әлемдік азық-түлік нарығының айтарлықтай тұрақсыздануына әкелген жоқ. Пандемия Орталық Азия аймағының азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы саласына да қатты әсер етпеді. Оның өңір елдерінің жалпы ішкі өніміндегі үлесі әрқилы. Қазақстанда бұл көрсеткіш – 4,4%, Қырғызстанда – 11,6 %, Тәжікстанда – 19,2%, Түркменстанда – 20,0% және Өзбекстанда – 28,8% құрайды.

Бұндай зерттеу деректерімен аймақтың БАҚ және сарапшылық қауым өкілдерімен Дүниежүзілік банктің ауыл шаруашылық бойынша жетекші экономисті Сергий Зоря бөлісті.

Орталық Азия елдері төтенше жағдай кезінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және агроөндірістік кешенді қолдау үшін шұғыл іс-шараларды қолға алды. Өңірдегі елдердің үкіметтері азық-түліктің мемлекеттік қорын ұтымды пайдаланып қана қоймай, олардың көлемін арттыруға, отандық өнімнің нарықтағы бағасын тұрақтандыруға және импортттың құнын төмендетуге ден қойды. Сондай-ақ, жергілікті билік өкілдері сала мамандарының қатынауы мен ауыл шаруашылық тауарларын тасымалдауға қойылған шектеулерді жеңілдетті. Фермерлер мен кәсіпорындар үшін несие және өзге де төлемдерін жасау уақытын шегерді. Бұл ауыл еңбеккерлерін ынталандырды.

«2020 жылы ауыл шаруашылығы Орталық Азия елдері экономикасын тұрақты дамытатын қозғаушы күшіне айналуы мүмкін. Сондай-ақ бұл сектор өзге салаларға қарағанда жұмыс орындарымен көбірек қамтитын болады», - дейді Сергий Зоря.

Сарапшының айтуынша, ел үкіметтері пандемиядан кейін ауыл шаруашылық тауарларының сауда желісін жандандыруға күш салулары қажет. Аймақтық әріптестікті жетілдіріп, фитосанитарлық қауіпсіздік, азық-түліктің мемлекеттік қорын басқару, салаға инвестиция тарту және агроөнеркәсіп кешенін барынша цифрландыру ісіне мән берген жөн.

 

Фото: astanatimes.com