Машина жасау – индустрияландырудың драйвері

Машина жасау – индустрияландырудың драйвері

Төтенше жағдай да, карантин режимі де машина жасау саласына еш кедергі келтірмеді. Сарапшылардың айтуынша, коронавирус пандемиясынан зардап шеккен өзге салаларға қарағанда, мұнда айтарлықтай өсім байқалады. 2020 жылдың қаңтар-наурыз айларында машина құрастыру саласы 378,6 млрд теңгенің өнімін шығарған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегіден 51,8% -ға көп. Өнеркәсіп өндірісінің индексі 2019 жылдың сәйкес кезеңімен алып қарағанда бірден 130,4% құрады.

Әсіресе, ауылшаруашылық техникасын шығаратын зауыттардың көрсеткіштері жоғары. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Қостанайдың 2 трактор зауыты 2019 жылмен салыстырғанда 5 есе көп техника сатты. Жалпы, биыл кәсіпорын 500-ден аса трактор шығаруды жоспарлап отыр. Кәсіпорындар қазір күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Ал мұндағы зауыттар егін егу науқаны кезінде аграрлық саланы техникамен қамтамасыз ету үшін еңбек өнімділігін арттырумен бірге, тракторды тура егістік басына жеткізіп береді.

«Біз қазіргі қалыптасқан жағдайға, карантинге түсіністікпен қараймыз. Осыған орай ұжым екі аусымда жұмыс істейді. Күнде дайын болған техника бірден өңірлерге жөнелтіледі. Қазір машина жасау саласында жергілікті құрамды көбейту бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Бірі – ауылшаруашылық техникасы мен автоөнеркәсіпке қажет бөлшектерді шығаратын локализация орталығы. Өнімдердің тізіміне пластикалық бөлшектер, кабиналар, электр бұраулар және басқа да заттар кіреді»,- дейді зауыттың коммерциялық директоры Николай Пархоменко.

Қостанайдағы тағы бір зауыттың басшысы Динара Шүкіжанова «Локализациялау орталығында бөлшектерді, құрал-жабдықтарды шығару озық өндірушілерді және ел ішіндегі шағын және орта бизнесті тарта отырып жүргізіледі»,- деп атап өтті.

Петропавл трактор зауытының да алға жоспарлары анық. Индустрияландыру картасы бойынша ашылған кәсіпорында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, озық құрал-жабдықтармен жарақталып жатыр. Мұнда олар сұйық тыңайтқыштарды топыраққа шашуға арналған жабдықтар құрастырмақшы.

«Бізде тракторларды құрастырудағы жергілікті құрам +52% құрайды, рама, кабина, гидравликалық резервуарларды толығымен өзімізде шығарамыз. Мұның бәрін біз өзіміз жасаймыз. Жақында сұйық тыңайтқыш шашатын техникаға алдын ала тапсырыс түсті. Соның өндірісін жолға қоямыз. Бүгінде бүкіл әлемде сұйық тыңайтқыштарды қолданады, оның арқасында өнім шығымдылығын 50 процентке арттыруға болады»,- дейді зауыт диреторының міндетін атқарушы Ерлан Жағпаров.

Кәсіпорын индустрияландыру картасына енген. Ол 2016 жылы іске қосылды, 2021 жылға дейін зауыт толық қуатына көшеді. Бұл өндіріс қазақстандық фермерлерді шетелдік аналогтарынан кем емес қолжетімді ауылшаруашылық техникасымен қамтамасыз ететін болады.

 

Фото: time.kz