Бейбіт Атамқұлов: Қазақстанда көлік құрастыру қарқынды дамып келеді

Бейбіт Атамқұлов: Қазақстанда көлік құрастыру қарқынды дамып келеді

Қазақстанда қосалқы көлік бөлшектерінің өндірісі жолға қойылады. Осы арқылы елімізде жиналатын автомобильдердің отандық үлесін 70% жеткізу межеленіп отыр. Бұл туралы еліміздің индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов халық алдында онлайн режимінде берген есептік кездесу барысында мәлімдеді. 

«Қостанайда қосалқы бөлшектер жасайтын арнайы орталық құрылады. Ол қазақстандық автозауыттармен қатар өз өнімдерін шет елдерге де экспорттайтын болады», - дейді Бейбіт Атамқұлов.

Министрдің сөзіне қарағанда, көлік құрастыру елімізде ең қарқынды дамып келе жатқан сала. 2019 жылы 50 мыңнан артық автомобиль жиналған. Ал биылғы жылдың 4 айында бұл көрсеткіш 22,9 мың данаға жеткен.

«Индустрияландыру өңдеу өнеркәсібінің әр саласының дамуына серпін берді. Кіші және орта бизнесті ынталандыру шараларының арқасында жеңіл өнеркәсіп қайта жандана түсті», - дейді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Тоқыма және тігін өндірісін жаңғырту жіп талшықтарын жасауға қажетті мақта сынды шикізат өңдеу ісіне қан жүгірттті.  Бұл мата, кілем, балалар және ересектердің киім үлгілерінің отандық түрлерін шығаруға түрткі болды.

«Отандық тауар түрлері шетелдік баламаларынан еш кем түспейді. Тіпті кей жағдайларда сапасы жақсырақ болады», - дейді Бейбіт Атамқұлов.

Бұл орайда айта кетерлік жайт, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жыл сайын индустрияландыру картасы аясында жаңа жобаларды жүзеге асырады. 2015-2019 жылдар аралығында жалпы құны 5,2 триллион теңге болатын 556 жоба іске қосылды. Нәтижесінде 85 мыңға тарта тұрақты жұмыс орны құрылған. Ал 2020 жылы 1,1 триллион теңгенің 160 жобасын ендіру көзделген. 17 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

 

Фото: syr-media.kz