ОПЕК+ мұнай өндірісін қысқарту туралы келісім мерзімін ұзартуы мүмкін

ОПЕК+ мұнай өндірісін қысқарту туралы келісім мерзімін ұзартуы мүмкін

ОПЕК+ қара алтын өндірісін қысқарту туралы келісімнің қолданыстағы мерзімін бірден үш айға дейін ұзарту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы алдағы күндері өтетін ұйымға мүше елдердің жоспарлы кездесуіне қатысатын делегаттардың бірі мәлім етті, делінген Bloomberg агенттігінің хабарламасында. Онда қысқа мерзімді келісімдерге басымдық берілетіні жөнінде айтылған.

ОПЕК+ ұйымына мүше елдер мамыр-маусым айларында шикізат өндіру көлемін тәулігіне 9,7 миллион баррельге қысқартуға уағдаласты. Ал жылдың екінші жартысында 7,7 және 2022 жылдың сәуір айының соңына дейін 5,8 миллион тоннаға дейінгі мөлшер келісілген болатын.

Дегенмен, алдағы күндері мұнай өндірісіне қатысты біраз мәселенің басы ашылуы тиіс. 9-10 маусым күндеріне жоспарланған видеоконференция барысында мұнай экспорттаушы елдер аталмыш келісім мен қазіргі нарықтың ахуалын талқылайтын болады. Ал 8 маусымға ОПЕК+ мониторингтік комитетінің отырысы жоспарланған. Қолданыстағы келісім шикізат өндіруді қысқарту мерзімін маусым айында әлдеқайда жеңілдеткені белгілі. Ол нарыққа тәулігіне 2 миллион баррель мұнай шығаруға мүмкіндік берді.

Алайда, ОПЕК президенті, Алжирдің энергетика министрі Мұхамед Аркаб 9-10 маусымға жоспарланған кездесуді 4 маусым күні өткізуді ұсынған болатын. Алдағы кездесудің шешіміне қатысты түрлі пікірлер айтылып, болжамдар жасалуда. Ал кездесу алдында әлемдік мұнай бағасы құлдырап бара жатыр. Қазір «Brent» маркалы мұнай фьючерстерінің құны 0,53% төмендеп, баррелі 37,64 долларға саудаланып жатыр. Шілдедегі WTI маркасының фьючерстері 0,48% арзандады. Сөйтіп бағасы барреліне 35,31 долларға дейін түсті.


Фото: oilcapital.ru