Петропавлдағы сүт зауыты Монғолия нарығына шықты

Петропавлдағы сүт зауыты Монғолия нарығына шықты

Солтүстік Қазақстан облысындағы сүт зауыттарының бірі экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтті. Кәсіпорын өз өнімдерін Моңғолияға жеткізе бастады. Технологиялық процесті жаңғыртудың арқасында өндіріс көлемі ұлғайған. Бүгінде зауытта күніне үш жүз тоннаға дейін сүт өңделіп, өнімнің қырыққа жуық түрі шығарылады. Ал өткізу нарығын кеңейткені –басты жетістіктерінің бірі.

«Шығарылатын өнімнің 30-35% Ресей Федерациясына экспортталады. Жеткізу нарықтарын біртіндеп кеңейтіп жатырмыз. Міне, енді Монғолия дүкендерінің сөрелеріне де біздің тауарлар жеткізіле бастады. Алдағы жоспарымыз – Қытай тұтынушыларына сату»,- дейді сүт зауытының директоры Роза Сүлейменова.

Өнім өндіру қуаттылығын арттыру – аймақтағы өңдеуші кәсіпорындардың басты мақсаты. Шикізат жеткізілікті. Тек соңғы 8 жылда Солтүстік Қазақстан облысында сүт өндірісі 4,5 есеге өскен.

«Өткен жылы біз алыс және жақын шетелдерден шамамен 1 мың сүтті сиыр сатып алып, өндіріс көлемін еселей алдық. 100 бас ірі қара тұқымын әкелдік. 2018 жылы 800 бас жеткізілді. Бүгінгі таңда бір мал басынан сүт 1600 литрге артты», - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары. Талғат Наурызбаев.

Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысында сүт өңдеумен 14 кәсіпорын айналысады, сондай-ақ, 80 сүт фермасы жұмыс істейді. Биыл тағы 10 заманауи мал шаруашылығы кешенінің құрылысы басталды.

 

Фото: vestnikapk.ru