Карантин кезіндегі Алматы: Б.Сағынтаев қала экономикасы туралы баяндады

Карантин кезіндегі Алматы: Б.Сағынтаев қала экономикасы туралы баяндады

Карантин кезінде Алматы қаласының экономикасы 9,2% төмендеді. Әсіресе қаланың көлік және сауда жүйесі елеулі шығынға ұшыраған. Жаһандық пандемияның салқынынан кейін шаһар әлеуетін қайта арттыру үшін не істеу керек? Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев төтенше жағдайдан кейінгі қала экономикасын қалпына келтіру жоспары туралы онлайн баспасөз-мәслихаты барысында баяндады.  Әкімнің айтуынша, Алматы экономикасының 40%-ы саудаға тиесілі. Алайда оны бақылау жағы әлсіз дейді әкім.

«Бізге экономика құрылымын өзгерту керек. Біз саудаға тәуелді болмауымыз керек. Сауданың көлеңкелі тұсы басым. Жұмысшыларға жалақы қалай төленіп отырғанын, қанша қызметкер бар екенін білмейміз, әсіресе базарларда», – деді Бақытжан Сағынтаев.

Тұрғындардың екі қолына бір күрек тауып беру көп түйткілдің түйінін шешетіні белгілі. Қалада жұмыспен қамтудың жол картасына 104 млрд теңге бөлінді. 24 млрд теңге – республикалық бюджеттен трансферт, қалғаны – облигациялар шығару арқылы тартылған инвестиция. Қала басшысы  карантин кесірін тигізе алмаған салалар бар екенін де алға тартты. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінде өсім тіркелген. Сонымен қатар, Алматы бюджеті 1 қаңтардан бастап жергілікті атқарушы органның бюджетіне түсетін корпоративтік табыс салығы есебінен 60 млрд теңгеге толығыпты.  КТС-сыз ол -10,8 млрд теңгені құрайтын еді.

«Қала ауқатты. Қала экономикасын Fitch рейтинг агенттігі тәуелсіз рейтинг деңгейінде атап өтті. Біз KASE нарығында орналаса аламыз және өз тапшылығымызды жабуға ақша тарта аламыз. Бұл уақытша шара деп есептеймін. Біз барлық бюджеттік шығындарды қайта қарадық, барлық қажетсіз іс-шараларды жойдық, өз бюджеттік бағдарламалар секвестрін жүргіздік. Мұның барлығы ақшаны жұмыс орындарын құруға ғана және әлеуметтік инфрақұрылымды қолдауға ғана жұмсауға мүмкіндік берді. Бюджетпен байланысты барлық компаниялар, бюджеттің өнім берушілер алдындағы барлық міндеттемелерін орындайтынына сенімді болуы керек. Біз мұны бүгінгі бар түсімдер бойынша көріп отырмыз», – деді әкім.

Тағы бір түйткіл бар. Алматы республика бойынша эпидемиологиялық ахуалы ең күрделі аймақ.  Осыған орай коронавируспен күреске қала бюджетіне  16,4 млрд теңге бөлінді. Бақытжан Сағынтаев бұл қаржының есебіне де тоқталды. Республикалық бюджеттен 6,9 млрд теңге бөлініп, оның 5 млрд теңгеге жуығы модульдік госпиталь құрылысына жұмсалыпты. Ал жергілікті бюджеттен 9,5 млрд теңге қарастырылған. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, қомақты қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын шарықтатпай ұстап тұруға және індетпен күресетін қызметкерлерді қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге жұмсалған.

 

Фото: kapital.kz