Төтенше жағдайдан кейінгі жылжымайтын мүлік нарығының хал-ахуалы

Төтенше жағдайдан кейінгі жылжымайтын мүлік нарығының хал-ахуалы

Жылжымайтын мүлік иелері жалға беруден түсетін табысынан қағылуда. Төтенше жағдай кезінде қашықтан жұмыс жасап үйренген компаниялардың дені шектеу шаралары жеңілдетілсе де қызметін онлайн режимінде жалғастыруды ұйғарған.  Осының салдарынан коммерциялық нысандардың көбі әлі бос қаңырап тұр. Сондықтан иелері жалға беру құнын төмендетуге мәжбүр дейді, Қазақстан риелторларының бірлескен қауымдастығының мүшесі Юлия Кецко. 

«Коронавирус індеті өршіп, төтенше жағдай енгізілген кезден бастап  көптеген компаниялар қашықтан жұмыс жасау тәртібіне көшті. Осының салдарынан  аумағы үлкен өндірістік ғимараттар мен кеңселер бос қаңырап тұр. Жылжымайтын мүлік иелері бәсекеге қабілетті болу үшін жалдау құнын арзандатты. Жағдайға қарап,  бағаны төмендеткендер  бизнесін сақтап қалады. Ал бұған бармағандары шығынға ұшырап жатыр», - дейді Юлия Кецко.

Коммерциялық нысандарға сұраныстың күрт төмендеуінің өзге де себептері бар дейді, сарапшы.

«Карантиннен кейін үлкен де, кіші де компаниялар бюджетті қайта қарап, қысқартып, арзанырақ нұсқаларға көше бастады. Бұл кеңселер мен қоймаларға, сондай-ақ әр түрлі салаларды жалға алу орындарына да қатысты. Сонымен қатар жалға берушінің шешіміне де тікелей қатысы бар. Себебі егер жалға беруші кеңсе бағасын төмендетіп жатса, жалға алушылар сол орындарда қала береді. Бірақ көбінесе жалға беруші бағаны өзгерткісі келмейді, мысалы, жалға беру алаңын қысқартуды немесе арзан бағамен өзге орынды табуды ұсынады», - деді Қазақстан риэлторларының бірлескен қауымдастығының мүшесі.

Ал төтенше жағдай кезінде капиталды үнемдей алған адамдар төлемі аз, қалтасына шақ орынды таңдай алады. Енді бағасы осы күнге дейін шарықтап тұрған аудандар керісінше қолжетімді бола бастады.  Инфрақұрылымға және іскерлік жылжымайтын мүлікті жүргізуде қойылатын талаптар артып келеді. Нәтижесінде, енді нарықта жалға алушы өз шарттарын белгілеуде.

 

Фото: homsters.kz