Өнеркәсіптік қауіпсіздігі туралы жаңа заңнама

Өнеркәсіптік қауіпсіздігі туралы жаңа заңнама

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Қазақстанның өндірістік нысандарындағы авариялық-құтқару қызметтері 3 жылдан бері аттестатталмаған. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында белгілі болды. Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы жаңа заңнама әлеуметтік нысандардағы мемлекеттік бақылауды және жұмысшылардың жұмыс орындарындағы қорғалуын күшейтеді.

«Қауіпті өндірістік нысандарда (әсіресе барлық тау-кен, металлургия, мұнай-газ кешенінің кәсіпорындары, экономиканың басқа салаларындағы кәсіпорындар), аттестациядан өтпеген апаттық-құтқару қызметтері қазіргі уақытта жұмыс істей алады және жұмыс істейді де. Әрине бұл үлкен олқылық. Сондықтан өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы құтқару қызметтерінің аттестациясы қайта қалпына келтірілуі керек», - деді Нұрлан Нығматулин.

Заң жобасы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама нормаларын жетілдіру, қауіпті нысандарда өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыс істеуге тартылатын аттестатталған және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша қызмет көрсететін ұйымдардың қызметін реттеуге бағытталған. Заң жобасы бүгін мәжілістің жалпы отырысында мақұлданды.

Айта кетейік, 2019 жылғы статистикаға сәйкес Қазақстандағы әрбір төртінші жұмыскер денсаулығына зиянды немесе қауіпті жерлерде жұмыс істеген.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

​Фото: 365info.kz