Маңғыстауда паром салынып, кеме құрастырылады

Маңғыстауда паром салынып, кеме құрастырылады

2023 жылға дейін Маңғыстау өңірінде паром салынады. Сонымен қатар инфрақұрылымды дамытудың жаңа бағдарламасы аясында Құрықта кеме жасау жобасы іске асырылады деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Әзірге елімізде жеке паромдардың жоқтығы белгілі. Қазір жобаға инвесторлар тартып, тиісті жабдықтар алу мәселесі пысықталуда. Жоба әлі де жан-жақты талқыланатын болады.

«Порттардың қуатын және жүк тасымалдау көлемін арттыру үшін сапалы жол-көлік жүйесін құру қажет. Сондықтан біз автомобиль жолдарын жөндеуге де үлкен мән береміз», делінген хабарламада.

Қазақстан үшін бірнеше көлік хабының қиылысында орналасқан Ақтау теңіз сауда портының стратегиялық маңызы жоғары. 2019 жылы порт 3,5 млн тоннадан астам жүк қабылдады, бұрынғы көрсеткіш 39 мың тонна болатын. Иран мемлекеті - қазақстандық өнімнің негізгі сатып алушыларының бірі. Қазіргі таңда тасымалданған мұнай мен мұнай өнімдерінің көрсеткіштері өсіп отыр. Сондай-ақ Ақтау портында өңделген контейнерлердің көрсеткіштері 6 есе өскен. Бұған Ақтаудан Алятқа Әзербайжанға фидер тасымалын іске қосу себеп болды.

Қытай-Еуропа бағытындағы тасымалдау көрсеткіштерінің өсуіне қазақстандық темір жол тарифтерінің ресейлік тарифтен 2-3 есе төмен болғаны ықпал етті. Бұдан басқа, жүктің 90%-ға жуығы өзіндік құнынан төмен бағада тасымалданады.

2019 жылдың қорытындысы бойынша, теңіз арқылы 5,8 млн тонна жүк тасымалданған. Оның ішінде Құрық порты арқылы – 1,3 млн тонна, Ақтау порты арқылы – 3,5 млн тонна, Ақтау солтүстік терминалы арқылы – 1 млн тонна.

Сонымен қатар теміржол көлігінің көмегімен 3,8 млн тонна жүк тасымалданды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: lada.kz