ҚР Еңбек министрлігі: карантинге байланысты тоқтап тұрған компаниялар жұмыскерлеріне ең төменгі жалақы төлеуге тиіс

ҚР Еңбек министрлігі: карантинге байланысты тоқтап тұрған компаниялар жұмыскерлеріне ең төменгі жалақы төлеуге тиіс

Кәсіпорындар карантин кезінде жұмысын тоқтатуы мүмкін, бірақ бұл қызметкерлер ақшасыз қалады дегенді білдірмейді. Бұл үшін жауапкершілікті жұмыс беруші көтеруге тиіс, деп мәлім етті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифинг барысында. Оның айтуынша, жұмыс беруші төменгі жалақыдан кем болмайтын мөлшерде еңбекақы төлеуге міндеттеледі. 

«Қолданыстағы еңбек заңнамасында өндірістік жұмысына толыққанды шектеулер болған жағдайда, еңбек қатынастарын ресімдеудің бірнеше нұсқасы қарастырылған. Осыған қатысты жұмысшыларға ең төменгі жалақы мөлшерінен кем емес еңбекақы төленуі тиіс. Санитарлық дәрігерлер техникалық шектеулер қойған жағдайда бұл өтемдер мүіндетті түрде жасалуы тиіс», - деді вице-министр.

Ақмәди Сарбасовтың айтуынша, қазіргі еңбек заңнамасы аясында жұмыс беруші мен қызметкердің қарым-қатынасы жан-жақты реттелген. Заңда жұмыс орнын сақтаудың сан алуан тәсілдері бар. Еңбек инспекциясы бұл талаптардың орындалуын қатаң бақылайтын болады.

«Біз шектеулердің бар екенін түсінеміз, бизнес толық көлемде өндірістік қызметін жүзеге асыра алмай жатыр. Сондықтан, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық адал жұмыс берушілерге белсенді азаматтық ұстанымы, қызметкерлері үшін әлеуметтік жауапкершілігі мен жұмыс орындарын сақтап отырғаны үшін алғыс айтқым келеді», – деді Ақмәди Сарбасов.

Сонымен бірге, вице-министр «42 500 теңге» төлемі тағайындалмаған жекелеген азаматтардың өтініштерін қараудың жаңа іс-қимыл сызбасы әзірленгенін айтты. Ол үшін аудандық, қалалық штабқа растайтын құжаттармен бірге тиісті өтініш беру керек. Жалпы, төтенше жағдай кезінде 194,2 миллиард теңге көлемінде 4,6 миллион адамға төлем тағайындалды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: lada.kz​