Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленеді

Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленеді

Қазақстанның әлемдік азық-түлік хабының біріне айналуына нақты мүмкіндігі бар. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Миинстр Асқар Мамин осылай мәлім етті.

«Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы – FAO болжамы бойынша, Қазақстан агроөнеркәсіптік кешен саласындағы әлеуеті жоғары АҚШ, Австралия, Бразилия және Аргентина мемлекеттерінің қатарында және әлемдік азық-түлік хабына айналуына нақты мүмкіндігі бар. Бұл орындалатын міндет екенін атап өтемін», - деп тоқталды Асқар Мамин.

Үкімет басшысы көктемгі егіс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізу еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты элементтері болып саналатынына ерекше тоқталды.

«Осы бағыттағы жұмыстарды қаржылай және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін мемлекет барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаражат көлемі екі еседен астам ұлғайды. Мұның өзі ауыл шаруашылығы жұмыстарын толық көлемде жүргізуге, өсімдік шаруашылығында жалпы өнім шығаруды 3,1 трлн теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді», - деді Үкімет басшысы.

Премьер-Миинстр ол үшін ең алдымен егістік өнімінің сапасына баса назар аудару қажет екенін айтады. Өнімнің жақсы шығуына агротехнологиялардың сақталуы, сапалы тұқым мен тыңайтқыштарды пайдалану, өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдану әсер ететінін жеткізді. Бұл бағытта мемлекет айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр. Тыңайтқыштар мен пестицидтерді алуға жұмсалатын шығынның 50 пайызына дейін субсидия береді.

«Ұлттық экономика министрлігіне Ұлттық банкпен және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге егіс алқаптарын химиялық өңдеу мен егін жинау жұмыстарына қатысты шараларды қаржыландыруды қосып, Қарапайым заттар экономикасы бағдарламасының аясында қаражатты пайдаланудың нысыналы мақсатын кеңейту мәселесін пысықтауды тапсырамын», - деді Үкімет басшысы.

Оның сөзінше, мемлекеттік қолдау аясында заманауи технологияларды пайдалану арқылы суарылатын жерлерді кеңейтуге, сондай-ақ алынатын өнім көлемін арттыруға ерекше назар аударылады.

«Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдермен бірге әр өңір бойынша ауыл шаруашылығы саласының ерекшелігін ескеріп, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың кешенді жоспараның жаңа тұжырымдамасын әзірлеп енгізуді тапсырамын», - деді Асқар Мамин.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: ult.kz