Қазақстан 2025 жылға қарай ірі қара етін экспорттау көлемін 370 млн долларға жеткізеді

Қазақстан 2025 жылға қарай ірі қара етін экспорттау көлемін 370 млн долларға жеткізеді

Еліміздің ауыл шаруашылық министрлігі 2025 жылға қарай ірі қара мал етін экспорттау көлемін 370 миллион долларға жеткізуді межелеуде. Бұл мақсатта барлық өңірлер бойынша жоспарлы индикативтер белгіленген және оған қол жеткізуге барлық мүмкіндіктер бар, дейді ведомство басшысы Сапархан Омаров.

Министрліктің жоспарына сәйкес, биыл мал шаруашылығы өнімдері көлемінің қосымша өсімі 4,2 пайызға немесе 2,6 трлн теңгеге болжамданып отыр. Биылдың төрт айы бойынша жалпы өнім көлемі 656 млрд теңгені құрады, жалпы өнім индексі 2,2 пайызға артты.

«Орта мерзімді перспективада трансұлттық компанияларды тарту арқылы зәкірлік кооперацияны дамыту міндеті бар. Фермерлік шаруашылықтарды құрудан күтілетін инвестициялар көлемі 350 млрд теңге және сиыр етін экспорттау 2025 жылы 370 млн долларды құрайды. Фермерлік шаруашылықтарда 42 мыңнан астам жұмыс орны құрылады», - деп тоқталды министр.

Оның сөзіне қарағанда, мал шаруашылығы секторында 4 пайыз деңгейінде тұрақты өсім сақталып отыр. Жылдың қорытындысы бойынша жалпы өнім 2,3 трлн теңгеге дейін өсті. Несиелендіру және қосымша субсидиялау арқылы былтыр жүзеге асырылған шаралар өзінің оң нәтижесін берді.

«Биылдың төрт айы бойынша ауыл шаруашылығы мал басының өсімі байқалады: ірі қара мал басы 4,1 пайызға, қой мен ешкі 2,7 пайызға, жылқы басы 7,6 пайызға өсті, ет көлемінің өндірісі 3,6 пайызға өсіп, 314 мың тоннаны құрады, сондай-ақ, сүт өндірісі 3,2 пайызға өсіп, 1,5 млн тоннаны құрады. Жұмыртқа өндірісі сыртқы нарықта сұраныстың төмендеуі салдарынан 6 пайызға азайып отыр», - деді министр Үкімет отырысында.

Салаға шетелдік инвесторларды тарту жағына келетін болсақ, қазіргі таңда ірі қара етін өңдеу бойынша Американың трансшекаралық корпорациясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: bossagro.kz