Көктемгі егіс науқаны қызған шақ

Көктемгі егіс науқаны қызған шақ

Қазақстанның ішкі нарығынан өсімдік шаруашылығы өнімдерінің шетелдік түрлерін ығыстырып, отандық үлгілеріне алмастыру. Бұл ретте егістік алқаптарын әртараптандыру мәселесіне басымдық беріліп, импорттың орнын басу үшін үшін негізінен тек рентабельді дақылдар егу қолға алынған. Биылғы  егіс науқанына дайындалған 2,5 миллион тонна тұқымның 99% жоғары репродукциялы. Бұл туралы үкімет отырысында еліміздіңа ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров мәлім етті.

«2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,5 млн гектар алаңға егу жоспарлануда, бұл 2019 жылғы деңгейден 238 мың гектарға көп. Осы ретте импорттың орнын басу үшін жоғары рентабельді дақылдар пайдасына егіс алаңдарының құрылымын әртараптандыру мәселесіне ерекше назар аударылады. Осылайша, биыл майлы дақылдардың алаңы 122,2 мың гектарға, көкөніс дақылдарының - 10 мың гектарға, бақша дақылдары - 1,5 мың гектарға, картоп - 7,8 мың гектарға, азықтық дақылдар - 308,6 мың гектарға, қант қызылшасының алаңы 2,4 мың гектарға ұлғаяды», - деді Сапархан Омаров.

Сала басшысының айтуынша, барлық өңірлер көктемгі дала жұмыстарына қызу кіріскен. Аймақтардың дені  егіс науқанын аяқтауға тәмам қалған.

«Атап айтқанда, дәнді және дәнді–бұршақты дақылдар 9,6 млн гектарға немесе жоспарланған алаңның 65 пайызына, майлы дақылдар 2,3 млн гектарға (76%), көкөніс-бақша дақылдары мен картоп – 400 мың гектарға (85%), қант қызылшасы 20,5 мың гектарға (93%), мақта 118 мың гектарға (100%), көпжылдық шөптер 352 мың гектарға (100%) егілді. Бұл ретте, оңтүстік өңірдегі облыстарда, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау облыстарында егіс жұмыстары аяқталуға жақын», - деді министр.

Қазгидрометтің болжамына сәйкес, мамырдың үшінші онкүндігі жаңбырлы болады деп күтілуде. Әсіресе, бұл Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарына қатысты.

«Осыған байланысты себуді оңтайлы мерзімде аяқтау үшін әрбір жаймашуақ күнді барынша жемісті пайдалану, тұрып қалуды болдырмау және мүмкін болған жағдайда, агрегаттардың екі ауысымдық жұмысын ұйымдастыру арқылы өнімділікті арттыру шараларын қабылдау қажет», - деді Сапархан Омаров.

Министр ендігі кезекте ауылшаруашылық алқаптарының шығымдылығын арттыру үшін егістіктерді тыңайтып, зиянкестер, аурулар мен арам шөптерден арылту қамында дәрілеу жұмыстарына қамдану керектігін ескертті.  Айта кетейік, биыл егін жүргізу жұмыстарына қаржы былтырдан 2 есеге көбірек бағытталды. Соның ішінде, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы аясында көктемгі егіске 100 млрд теңге бөлінген.

Автор: Жеңіс Ермұқанов


Фото: 24.kz