Көмір өндірісіне бірқатар инновациялық жоба ендіріледі

Көмір өндірісіне бірқатар инновациялық жоба ендіріледі

Қазақстанның көмір өнеркәсіптік кешеніне бірқатар инновациялық жобаны ендіру жоспарланған. Бұл жөнінде ҚР ИИДМ хабарлады.

«Барланған көмір қорының көлемі 34 миллиард тоннаны құрайды. Яғни, әлемдік қордың 4% бізде шоғырланған. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемнің 10 ірі көмір өндіруші елдерінің қатарына кіреді. Былтыр Қазақстан Республикасының 2019-2021 жылдары көмір саласын дамытуға арналған жол картасы әзірленді», - делінген хабарламада.

Жол картасы саланы жүйелі қолдау шараларын қамтиды. Сондай-ақ, құжат аясында жаңа жобаларды жүзеге асыру көзделген. Бұған қоса, өндіріс пен халықты көмірмен қамту ісі цифрландырылатын болады.

«Бұл бастама былтыр көтерілген болатын. Көмір өндіруші компаниялар салаға сандық тұғырнама ендіру ісіне қызығушылық танытып, ұсыныс жасаған болатын. 2020 жылы тау кен өндірісі мен металлургия кешені қауымдастығының бастамасымен  көмір өндірісін digital алаңға көтеру  қолға алынады», дейді ҚР ИИДМ.

Сондай-ақ кәсіпорындарды көмірдің қосалқы құнын арттыру үшін  терең өңдеу ісіне ынталандыру көзделген. 

«Заманауи технологиялар көмірден 5 мыңнан артық қайта өңделген өнім шығаруға мүмкіндік береді. Бұл ферроқоспалар, металл кремнийі, көміртек және тағы басқалары», делінген миниистрліктің хабарламасында.

Сондай-ақ салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Көмірден жаңа өнім шығаруды қолға алатын кәсіпопорындарды қосымша құн, жер және меншіктік салықтардан босату көзделген.

 

Фото: expert.ru