Қазақстанда бал экспортын арттырудың әлеуеті мол

Қазақстанда бал экспортын арттырудың әлеуеті мол

Елімізде жыл сайын 10 мың тонна бал жиналады. Осы өнімінің 70 проценті шығыстағы омарташыларға тиесілі. Яғни, олар 8 мың тонна өндіреді. Кейінгі 5 жылда өңірдегі ара өсірушілер жинаған балды берісі Қытай мен Ресейге, арысы АҚШ-қа экспорттап жүр. Биыл әлемді жайлаған індет саябырласа, шаруалар шетке жіберетін өнім көлемін тағы еселеуді жоспарлап отыр.

Қазір омарташылар былтырғы жиналған балды сатып жатыр. Негізінен еліміздің оңтүстігі мен орталық және батыс облыстарынан сұраныс жоғары. Былтыр Қытайға 200 тоннаға жуық бал жіберсе, биылдың өзінде 220 тонна өнімінің келісімін жасап үлгерген.

«Биыл жалпы нарықтағы жағдай бұрынғыдай емес, қиындау болады. Сұраныс төмендеуі мүмкін. Бірақ біз жылдағы межеден көп жинамасақ, аз болмайды. Әлемдегі қазіргі жағдай оңалған соң, экспорт мәселесін еселейтін боламыз. Ал ішкі нарықта ешқандай проблема жоқ», - дейді республикалық омарташылар қауымдастығының төрағасы Валерий Қасымбаев

Омарташылар Еуропа мен Азияға отандық бал өнімін жеткізу ісін жаңғыртуды көздеп отыр. Оған өнім қоры жеткілікті, дейді сала мамандары.

Қоймада былтырғыдан қалған әлі 350 тонна бал дайын тұр. Ішкі нарықты толық қамтуға бір жылда 1,5 мың тоннасы артығымен жетеді. Ауа райы қолайлы болған жылы бір ұядан 70-75 келіге дейін бал алады.

Қазір ірі шаруашылықтар бір мың ұяшыққа дейін ұстаса, отбасылық қожалықтарда аз дегенде 20-дан 60-қа дейін омарта болады. Соңғы жылдары араның тұқымын асылдандыру үшін Өзбекстаннан әкеп жерсіндіріп жатыр. Тек биылдың өзінде бір мың ұяшық әкелді. Қазір омарташылар бал ұяларын көшіріп, жұмыстарына қызу кірісіп кеткен.

 

Фото: inbusiness.kz