Жасыл экономиканы дамытуда ауылды қолдауға басымдық беріледі

Жасыл экономиканы дамытуда ауылды қолдауға басымдық беріледі

Коронавирус белең алған тұста елімізде жасыл экономика саясатының жүзеге асу барысы мен әлеуеті, ауылды аймақтарды дамытуға басымдық берудің себебі, жасыл технологияларды онлайн режимінде меңгеру. «Жасыл экономика мен G-Global-ды дамыту» одағының басқарма төрайымы Салтанат Рахымбекова арнамыздың тілшісіне берген арнайы сұхбат барысында саланың осы және өзге де тың жаңалықтарымен бөлісті.

Сәлеметсізбе! Жаһандық деңгейде жайылған қатерлі індет кезінде жасыл экономика саясаты қалай дамып жатыр?

Біз елімізде жарияланған еріктілер жылы аясында «Тұрақты даму мақсаттары-2030» міндеттемелері бойынша әлеуметтік және экологиялық бағыттағы еріктілер қозғалысы сынды азаматтық қоғамның бастамаларын қолдауға басымдық беруді қолға алдық.Әлемді түрлендіруге бағытталған 17 міндеттің 15-і жасыл экономикамен тікелей байланысты. Осы орайдағы жоба лардың дені коронавирустың салдарынан жапа шеккен ауылдарды дамытуға бағытталған. Карантиндік шаралар аграрлық секторға қаты әсерін тигізген жоқ. Шектеулерге байланысты үйлерінде отырған адамдар үй шаруашылығы мен саяжайларын дамытуға кірісті. 

Бүгінде қолға алған жаңғырту шаралары ауылдықтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға негізделгенін атап өткім келеді. Мәселен, Қазақстандағы ауыл әйелдерінің форумы елді мекендердегі іскер азаматшалардың қозғалысына айналды. Олардың дені тұрақты даму 2030 мақсаттарына сай жеке шаруашылықтарына жасыл технологияларды ендіруді қолға алды. Өйткені қазіргі таңда отбасылық шаруа қожалықтары әлем бойынша негізгі азық-түлік өндірушілері болып саналады.

Сіздер жобаларды жүзеге асыруға демеу жасаумен қатар адамдарды оқыту ісіне де үлкен көңіл бөлесіздер. Бұл жағы қалай іске асырылып жатыр?

Шынымен де, біз осы мәселеге үлкен көңіл бөлеміз. Бүгінде еліміздің аймақтарында жасыл технологияларға оқытатын 7 тәжірибелік орталық ашылды. Бұл түрлі жобалардың бастау алаңы деуге болады. Олар жұмыспен қамту орталықтарының жаңа «жасыл» мамандықтар бойынша тапсырыстарын жүзеге асыра алады. Сондай-ақ өзге де жаңа жобалар бойынша үйретеміз. 

Жаңа әрі тұрақты жобалардың бірі – шаруа қожалығын басқаруға үйрететін онлайн мектеп. Оның ерекшелігі неде?

Коалиция «Жеке қосалқы шаруашылықтар» онлайн мектебін осы жылдың наурыз айында іске қосты. Ауыл тұрғындары агротехнологияларға үйретілмей ешқандай қолдау тетіктері өз жемісін бермейді. Алдымен осыны түсініп, ауылдықтарды шаруашылықты басқарудың қыр-сырына үйрету керек. Оқу тегін. Оны кәсіби мамандар мен сарапшылар жүргізеді. Алғаш рет бұл курстар қазақ тілінде өткізілуде. Шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін үлкен көмек.

Жеке шаруашылық жүргізуге ниет танытқан адамдар не үйренеді және оқу үрдісі қалай өтеді?

Қатысушыларға іске қосу шығыны аз, алайда өнімділігі жоғары бірқатар тиімді ауыл бизнесін құруға қатысты бірнеше онлайн курстар ұйымдастырылды. Мәселен, бақша дақылдарын, көкөністерді, саңырауқұлақтарды жылыжайларда өсіру, үй құстарын ұстауға, ара шаруашылығын дамытуға қатысты кеңестер берілді. Кез-келген адам интернет-порталға кіріп, тегін оқу үшін тіркеле алады. Ол үшін жеке кабинеттің логині мен құпия сөз беріледі. Болашақта агроөнеркәсіптік кешенде белгілі табыстарға жеткен фермерлер мен бағбандарды виртуалды түрде шақырып, тікелей эфирде миллиондаған аудиторияға аудармасымен курстар ұйымдастыруды жоспарланып отырмыз.

Коронавирус пандемиясымен байланысты дағдарыс сіздің қызметіңізге қандай өзгерістер әкелді?

Біз азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауылдағы жұмыспен қамтуды арттыру жағына басымдық бердік. Жоғарыда айтып өткенімдей, біз үйде өзін-өзі жұмыспен қамтуға арналған технологияларды таратуға, жеке шаруашылықтарды, ауылдағы шағын бизнесті қолдауға назар аударамыз. Экономиканы қалпына келтіру үшін аталған басымдықтарды 11 мамырда Мемлекет басшысы да айтып өткен болатын. Біз қысқа уақытта нәтиже беріп, инвесторлар тарапынан қолдауға оңай болатын үйдегі шаруашылық қызметтің түрлерін анықтап, қолдау көрсетеміз.

Жасыл экономика дегеніміз ең алдымен, жаңа экономикалық тетіктер. Сол себепті біз тауарлы кредиттер, білім алуға, алда жиналатын өнімге инвестиция сынды тетіктерді қолданамыз. Әлемде мұнай бағасы күрт құлдыраған кезде ел бюджетін толықтырудың балама көздерін іздеу қажет. Қазақстанның аумағы мен табиғи ресурстары бізге мол мүкіндіктерге жол ашады. Біздің еліміз агрохимикаттар мен ГМО-дақылдармен бүлінбеген жерлердің көлемі жөнінен әлемде үшінші орын алады. Ал жайылымдарының көлемі бойынша бесінші сатыдамыз. Меніңше, ФАО насихаттайтын агроэкология мен климаттың өзгеруіне бейімделу қағидаларымен егістік жерлердің сапасын жақсарта алса, Қазақстан әлемдік агродержаваға айнала алады.

Қазақстанның жасыл технологияларды дамытудағы әлеуеті қандай? Адамдардың инновацияларды ендіруге ықыласы бар ма?

Еліміздің жасыл экономиканы дамыту, күн қуатын, желдің күшін, биогазды қолдану, қалдықтарды өңдеу, ауыл шаруашылығының жаңа салаларын өркендету, «жасыл» тауарлардың, экологиялық таза өндірісін жолға қою бойынша әлеуеті мол. Айта кетерлігі, адамның иммунитеті сапалы тамақтануға байланысты, ал коронавирус белең алғанда иммунитеттің маңыздылығы ерекше. Өсімдіктерді вертикальді жолмен өсіру арқылы шағын жер телімінде көкөністер мен жидектердің мол өнімін алуға болады. Бұл өте тиімді, сондықтан фермерлер үшін қызықты. Өнімдерді өткізу үшін Интернетті пайдалануға байланысты электронды сауданың, интернет-дүкендердің, поштамен, курьермен жеткізу қызметтерінің мәні артып келеді. Осының бәрі карантинге жабылған қала маңындағы ауыл тұрғындары үшін өте өзекті. 

Биыл «Ауыл өнімі» атты жаңа жобаны іске қосасыздар. Ол «Бір ауыл – бір өнім» қағидасымен отбасылық шаруашылықтардың кооперациясына бағытталған. Оның артықшылықтары туралы айтып өтсеңіз.

Бұл да Коалиция бастамашы болған жоба. Ол ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан қолдау тауып, еліміздің сегіз аймағында – БҚО, Түркістан, Қарағанды, Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай облыстарында жүзеге асырыла бастады. Жобаға аталған өңірлердегі ауыл әйелдері қозғалысының белсенді атсалысуға ынта білдірді. Мәні - жеке шаруашылықтарда экологиялық таза, жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті агроөнімдерді өсіру үшін ауыл тұрғындарын біріктіру, ауылдағы кооперацияға жағдай жасау және өнімдерді жергілікті нарыққа шығару.

Коалицияның тағы қандай байқаулары бар және олардың мақсаты қандай?

Байқаулар өте көп. Мысалы, GREEN AWARDS KAZAKHSTAN және «Жасыл кеңсе». Ал Коалицияның «Экологиялық достық бизнесі» және Online-Expo-2017 отандық новаторлар байқауы кәсіпкерлер, ғалымдар, өнертапқыштар арасында ерекше танымал. Бұл Қазақстанда жасыл экономика қазақстандықтардың қозғалысына айналғанын дәлелдейді. Осы құбылысқа және эковолентерлік қозғалысына толықтай мониторинг жасайтын кез келді деп ойлаймын.

Әңгімеңіз үшін рахмет, жобалар сәтімен жүзеге ассын!

Сұхбаттасқан: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: eawfpress.ru