Қазақстанда Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылады

Қазақстанда Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылады

Қазақстанда Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылмақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында еліміздің экономикасын қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды таныстырған ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қор арқылы 3 пайыздан артық емес мөлшерлеме бойынша өңдеу өнеркісібіне несие беру жоспарлануда. Сонымен қатар министр Үкімет отандық өндірушілердің тауарларын өткізу бойынша бірқатар шараларды қолдағанын айтты.

«Бұл – мемлекеттік сатып алуда квазимемлекеттік сектор мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуында оффтейк келісімшарттар жасау, жеңілдетілген қаржыландыруды алушыларға отандық материалдар мен жабдықтарды пайдалану бойынша міндеттемелерді белгілеу. Олар жеке инвесторлармен лицензиялық келісімшартта бекітілетін болады», - деді Руслан Дәленов.

Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде инвестициялық субсидиялар беру тетігі жетілдіріледі. Сондай-ақ жоғары экспорттық өнім өндірушілердің тасымалдау шығындарын 80 пайызға дейін өтеуді ұлғайту жоспарланып отыр. Бұған қоса өңдеу өнеркәсібі «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алады. Сонымен қатар экспорттық кредит беріледі. Бірнеше банктің бір қарыз алушыны бірлесіп кредиттеуі үшін банктік синдикатталған несие беру де жоспарланған.

«Өңдеуші өнеркәсіпті қолдау шаралары үшін қаржыландыру тетіктері айтарлықтай кеңейтілуде. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібі субъектілері мөлшеріне қарамастан Ұлттық банк бағдарламасы бойынша айналым қаражатын жеңілдікпен қаржыландыру жоспарлануда. Ұзақмерзімді шарттарды ұлттық даму институттары «тұрақты кепіл» ретінде қабылдайтын болады», - деді министр.

Ал тау-кен металлургия кешенін қолдау шараларының аясында қосылған құн салығын автоматты қайтару шегі 80 пайызға дейін ұлғайтылады. Бұл жыл соңына дейінгі кезеңде 1-3 тоқсан аралығындағы салықты өтеуді жеделдетеді. Аванстық корпоративтік табыс салығының бір бөлігін келесі жылдың 10 сәуіріне ауыстыру жоспарланып отыр.

«Рентабельдігі төмен кен орындары үшін пайдалы қазбаларды өндіру салығын төмендетілген мөлшермен беру жедел қаралады. Сондай-ақ «кедендік аумақта қайта өңдеу» режимі үшін кедендік бақылау рәсімі жеңілдетіледі», - деді Руслан Дәленов.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Авторы: liter.kz