Теңге бағамына қатысты сарапшылар пікірі

Теңге бағамына қатысты сарапшылар пікірі

Мұнай құнының өсуне байланысты теңгенің де жағдайы жақсарып келеді. Бүгін Қазақстан қор биржасының валюталық саудасында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 417 теңгені құрады. Сарапшылардың пікірінше, ұлттық валюта осы апта ішінде әлі де тұрақтай түседі.

Мәселен, экономист Олжас Төлеуовтың болшамынша, теңгенің долларға шаққандағы бағамы 413-415 теңгені құрауы мүмкін.

«Бұған осы аптадағы тоқсандық салықтық түсімдер әсер етеді. 25 мамырға дейін экспорттаушылар мен жергілікті нарыққа бейімделген компаниялар ұлттық қор мен республикалық бюджетке үш миллиард доллардан артық өтем жасайды. Олар корпоративті табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы, қоршаған орта эмиссиясы сынды түрлі өтемдер жасайды», - деп түсіндірді Олжас Төлеуов.

 Бұл орайда экономист салық апталығынан кейін әдетте теңге құны алдыңғы деңгейіне оралатынын ескеру керектігін тілге тиек етті.Ұлттық валютаның бағамына қатысты жеке пікірімен қаржы бойынша сарапшы Александр Янюкта бөлісті.

«Өткен аптада теңгенің долларға шаққандағы бағамы біршама тұрақтағанын байқадық. Үстіміздегі аптада оның құны әлі де тұрақтай түсетін болады деп ойлаймын. Бұған мұнай құнының өсуі мен төтенше жағдай режимінен кейін экономиканың қайта жандануы әсер етуі мүмкін. Қазақстанның Үкіметі қазір үдемелі салық салу жүйесін дамыту мәселелерін қарастырып жатыр. Бұл үрдіс инвесторлар үшін өте қызықты болады. Өйткені ол еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруы мүмкін», дейді Александр Янюк.

Айта кетерлік жайт, мұнай бағасының қымбаттауы ресей рублі, норвегиялық крон, мексикалық песо мен қанадалық доллар құнынның өсуіне де оң ықпал етті.

 

Фото: toppress.kz