Кәсіпорындардың эмиссиялық төлемдері 100% экологияны жақсартуға жұмсалады

Кәсіпорындардың эмиссиялық төлемдері 100% экологияны жақсартуға жұмсалады

Қоршаған орта кәсіпорындардың экологиялық төлемдері есебінен жақсартылатын болады. Бұл жөнінде онлайн брифинг барысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл жүйе 2025 жылдан бастап ендіріледі. Алдымен оған еліміздің 50 ірі кәсіпорны кірістіріледі. Өйткені ел бойынша  қоршаған ортаға бөлетін зиянды заттардың 70% осы өндіріс ошақтарынан тиесілі. Алайда эмиссияны өтеуден босатылуға болады. Егер де зауыт, фабрикалар өндірістеріне зиянды заттар шығынын азайтатын заманауи технологияларды ендіретін болса ғана. Өйтпеген жағдайда төлем құны көтерілетін болады.  

«Экологиялық кодекс кәсіпорындарға халықаралық деңгейдегі озық технологияларды ендіруге ынталандырады. Бұл норманы құру кезінде біз кәсіпорындардың ол үшін біраз шығынға ұшырайтынын ескердік. Алайда бұл қадам ең алдымен экологияны жақсартуға бағытталғанын түсіну керек. Бүгінде Теміртау, Балқаш, Қарағанды сынды өндірістік кешендер шоғырланған қалаларда қоршаған ортаның жағдайы шамадан тыс нашарлап барады», - деді  Ахметжан Пірімқұлов

Сондай-ақ жаңа кодекс ережесіне сай кәсіпорындар мониторингтің автоматтық жүйесін қолдануға келісім берулері тиіс. Бұл қоршаған ортаға бөлінетін шығарындылардың көлемін нақты әрі дер кезінде есептеуге мүмкіндік береді, дейді вице-министр.

«Жылдан-жылға азаматтардың экологиялық белсенділігі артып келеді. Бұл заң жобасы ең алдымен қоғамды экологиялық мәселелерге атсалысуға шақырады. Халықтың сана-сезімін өзгерту керек. Кодекс талапқа көнбеген кәсіпорындарды жабу немесе ережелерді қатайту мақсатында құрылған жоқ. Біздің басты мақсатымыз – қалаларда қолайлы экологиялық орта қалыптастыру. Кәсіпорындар осы тұрғыда барынша нақты ақпарат берулері керек. Бұл өз кезегінде экологиялық мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік бередін болады», - деп сөзін тұйықтады  Ахметжан Пірімқұлов.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: strategy2050.kz​