«Қытай-Еуропа» теміржол бағытымен жүк тасымалы артты

«Қытай-Еуропа» теміржол бағытымен жүк тасымалы артты

«Қытай-Еуропа» теміржол бағытымен Үрімшідегі құрғақ порттан экспорттық жүк ағыны сәуір айында былтырғы жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен асып түсті. Коронавирус пандемиясына байланысты жеткізілімдер 35 процентке азайғанның өзінде өсім болған.

«Автокөлікпен жасалып келген жүк тасымалы қазір теміржолға ауысты. Құрғақ айлақтардың жұмысы енді жанданып жатқанына қарамастан, көрсеткіштер жақсы. Халықаралық әуе тасымалы шығынға батып жатқанда, бұрын ұшақпен жеткізіліп келген жүктер мен пошта темір жолға ауысты», - дейді қытайлық компанияның өкілі Чжоу Кай.

Ол Қазақстан, Ресей, Беларусь және тағы да басқа елдердің аумағын басып өтетін теміржол тармағына сұраныс жыл бойы сақталатынына сенімді.

«Орталық Азия, Ресей және Еуропа бағытындағы тармақтың әлеуеті дәлелденген. Елдерге бірінші қажеттіліктің тауарлары жеткізілетіндіктен, пандемияның сұранысқа теріс әсері сезілген жоқ», - дейді Чжоу Кай.

Аспан асты елінің экспортқа бағдарланған компаниялары жаңа жағдайларға бейімделуге тырысуда. Көбі жүк тасымалының құнын азайтып, алдағы уақытқа жоспар құруға кіріскен.

«Негізгі экспорттық бизнесіміз үстіміздегі жылдың алғашқы 3 айында 20 процентке жуық төмендеп кетті. Сол себепті стратегиямызды өзгерттік. Қазір басты назарымыз Оңтүстік-Шығыс Азияға ауған. Ондағы ахуал біршама тұрақты. Сондай-ақ, келешекте тәуекелдерді болдырмау үшін шет елдерде қоймалар ашу ойымыз бар», - деп мәлім етті тағы бір қытайлық компанияның өкілі Сюй Цзюньфэн.

ҚХР-дың экспорттық саласы алдағы бірнеше айда қалпына келеді деген болжам бар. Жалпы, биыл «Қытай-Еуропа» бағытымен 1200 жүк құрамын аттандыру жоспарланған. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен жоғары.

 

Фото: iz.ru​