Қазақстанда «Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» пилоттық жобасы іске қосылмақ

Қазақстанда «Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» пилоттық жобасы іске қосылмақ

«Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін». Қазақстанда дәл осындай атаумен ризығын жерден табатын шаруаларға қолдау көрсететін жаңа жоба іске қосылуда. Бұл фермерлерге өнімдерін делдалсыз сатуға және супермаркеттермен тікелей келісімшарттар жасауға көмектесетін кооперативті тізбекті дамытуды көздейді.

«Екі жыл бұрын біз көкөніс өсіруді қолға алдық. Міне, содан бері жылыжайымыздан шыққан ризығымыздың берекесін көріп отырмыз. Бір маусымда тауарымызды 3-4 млн теңгеге сатамыз. Бірақ биылғы көктем көп шығын әкелді. Болашақта мұндай проблемаға тап болмау үшін кооператив құруды жоспарлап отырмыз»,- дейді Солтүстік Қазақстан облысындағы Бәйтерек елдімекенінің тұрғыны Сахадат Хужамқұлова.

Сонымен қатар пилоттық жобаны Түркістан, Қызылорда және Алматы облыстарында да жүзеге асыру жоспарланып отыр. Себебі, аталған өңірлерде жеміс-жидек пен көкөніс ерте піседі.

«Аталған өңірлерде осы кезде жеміс-жидек пен көкөніс пісіп, сатылымға шығарыла бастайды. Оның үстіне биыл оңтүстіктің диқандары өнімдерін өткізе алмай, шығынға батты. Сондықтан бұл бағдарлама сәтті жүзеге асса, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне үлкен қолдау болары сөзсіз», - облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Ысқақов.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мамандары өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға көмек қолын созуға дайын. Осы мақсатта олар жаңадан кәсібін ашпақ болғандарға өсірілген өнімді тиімді сатудың жолдарын үйретеді.

Айта кетейік, өткен жылы Өңірлік кәсіпкерлер палатасында 600-ге жуық солтүстік қазақстандық бизнесті оқыту курстарынан өтіп, гранттар алып, өз ісін ашты.

 

Фото: onlinetambov.ru