ҚР Ұлттық экономика министрлігі: экономиканың негізгі салаларында өсім бар

ҚР Ұлттық экономика министрлігі: экономиканың негізгі салаларында өсім бар

Жаһандық пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай салдарынан еліміздің жалпы ішкі өнімі 0,2% төмендеді. Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов қатерлі індеттің отандық экономикаға қалай әсер еткені жөнінде баяндама жасады. Осы орайда министр карантин жағдайында небары бір айда қызмет көрсету саласының қалай өзгергенін де көрсетіп берді.

«Егер тек сәуірді жеке қарайтын болсақ, өткен жылғы сәуірмен салыстырғанда көрсетілетін қызметтер секторы 17,5%-ке төмендеді. Атап айтқанда, сауда және көлік үштен бірге, әкімшілік қызмет көрсету 22,5%-ке және жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар 9,9%-ке төмендеді. Бұл төмендеу карантиндік шектеу шараларымен байланысты», - деп түсіндірді Руслан Дәленов.

Министрдің айтуынша, қаңтар-сәуір айларында қызмет көрсету  саласының  4%-ке азайғаны байқалады. Алайда осы аралықта тауар өндірісі 5,8% өсіп, қаңтар-наурызда сыртқы сауда айналымы 21 миллиард долларды құрады. Экспорт 4,2% ұлғайып, 13,9 миллиард долларға жетті. Бұл ретте импорт 7,1 миллиард долларға дейін төмендеді. Сауда балансының оң сальдосы өткен жылғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда 9% артты. Негізгі экономикалық салаларда да жыл басынан өсу қарқыны қамтамасыз етілген.

«Биылғы қаңтар-сәуір айларында өнеркәсіп өндірісі 5,9% ұлғайды. Сонымен бірге, өңдеу өнеркәсібінде де өнім көлемі 7% өскен. Әсіресе, машина жасауда 25,4%, фармацевтикада 24,2%, құрылыс материалдарын өндіруде 15,6% және жеңіл өнеркәсіпте 13,9% жоғары өсу қарқыны сақталды», - деді Руслан Дәленов Үкіметтің қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған отырысында.

 

Фото: zakon.kz​