Бизнеске сандық технологияларды ендіру – заман талабы

Бизнеске сандық технологияларды ендіру – заман талабы

Пандемия ғаламтор желісіндегі сауданың дамуына серпін берді. Төтенше жағдай кезінде интернет дүкендерінің кірісі артта түсті. Жаппай карантиндік шараларға байланысты көптеген бизнес өкілдерінің қызметі онлайн тәртіпке көшірілді. Жол мен уақыт машақаты шешіліп, шығын азайды. Электронды алыс-беріс әріптестік аясын әлдеқайда кеңейтуге сеп болды. Сандық технологиялар үшін үлкен қоймалар мен көптеген адам күші қажет емес. Осыны ұққан кәсіпкерлердің дені жағдайды пайдаланып, жеке ісін жаппай цифрландыруға кірісті. 

«Болашақта онлайн сауда қарқынды түрде дамитын болады. Коронавирус індетінің ошағы жойылып, карантин ашылғанның өзінде электронды сауданың аясы кеңейе береді. Әсіресе, Instagram сынды әлеуметтік желілердегі дүкендер қызметі күрт артады. Онда қазірдің өзінде сауда қызып жатыр. Бұл цифрлық экономикаға бизнестің болашағы деп қарау керек. Көптеген бизнес құрылымдары мен қаржы институттары бірте-бірте онлайн режимге ауысады. Бұл – заман талабы.  Себебі әрбір өңірде кеңсе құру тиімсіз іс екенін дәлелдеді. Несиелердің өзін онлайн рәсімдеуге болады. Болашақта барлық сауда мен қаржылық операциялар онлайн жүргізіледі», - дейді қазақстандық экономиист Арман Байғанов.

Төтенше жағдай бизнес қауымдастыққа онлайн жүйенің әлеуетін барынша танытты. Бұған  Дүниежүзілік Global Online Expo көрмесі дәлел. Электронды тұғырнамаға әлемнің 100-ден астам елінен мыңдаған компания тіркелді. Әр елдің қатысушыларына виртуалды павильон берілген.

Тек Қазақстанның өзінен ғана 500-ден астам өндіруші мен 6 мыңға тарта тапсырыс беруші осы көрменің қатысушысы атанды. Ұсынған өнім түрлерінің де ауқымы мен түрлері кең. Кез-келген бизнес өкіліне тіркелу тегін. Халықаралық сауда алаңы еш  шығынсыз-ақ әлемнің әр түкпірінен әріптестік орнатуға мүмкіндік береді.

Онлайн сауданы дамытудың шарапатын өндірушілер, жеткізуші, тапсырыс берушілер мен IT мамандар және тұтынушылар бірдей тататыны анық. Бұдан елдің цифрлық саясаты да пайда көреді. «Бастысы заман өзгерісіне көсіліп, бәсекеге толы  жаһандық көшке ілесе білу керек», - деп санайды сарапшылар.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: openbusiness.ru