Қазақстанда алғаш рет инвесторлар мектебі ашылады

Қазақстанда алғаш рет инвесторлар мектебі ашылады

Қазақстанда инвесторларды оқытуға арналған онлайн-мектеп іске қосылады. Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің IT business-angel жобасы үстіміздегі айдың 25-29 күндері аралығында өтеді деп жоспарланған. Бұл жеке қаржысын табысты іске қосуға ниетті ірі кәсіпкерлер мен корпоративтік сектордың топ-менеджерлерін венчурлік инвестициялау бойынша оқытуға арналған алғашқы онлайн курс болмақ. Басты талап –қаржыландырудың жаңа тетіктеріне машықтанамын деген тыңдаушының жеке капиталының болуы. Электронды форматта өтетін оқу бағдарламасы екі академиялық сағаттан бес күнге есептелген. Бағдарламаға сәйкес, қатысушылар технологиялық компаниялардың портфелін қалыптастыруды, венчурлік мәмілелерді құрылымдауды, сондай-ақ жобалар командаларымен жұмыс істеуді үйренеді.

«Ең алдымен, бір апта ішінде де, бір ай ішінде де қаржы нарықтарында кәсіби жұмыс істеуге ешкім үйретпейді. Адамдар оны толық меңгеру үшін жылдар бойы оқиды. Бұл бағдарлама инвестициялаудың ерекшелігі, оларды тиімді таңдау жолдары және қандай заңдар мен салықтың  қыр-сырын ескеру керек сынды қаржыландырудың негізгі деген қағидаттарына үйретеді. Меніңше, бұл қысқа, бірақ ауқымды экскурс біздің еліміздегі венчурлік инвестициялау әлеміне жаңа дем береді», - дейді Қазақстандық бизнес-періштелер клубының мүшесі Мұрат Әбдірахманов.

Онлайн-мектептің түлектері оқыту қорытындысы бойынша Astana Hub-тың эксклюзивті Invest Day жабық іс-шарасына шақырту алады. Мақсат – елдегі инвестициялық сауаттылық деңгейін арттыру және қазақстандық инвесторлар мен бизнес қауымдастығын қалыптастыру.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: klops.ru