Қазақстанда патрон зауыты іске қосылды

Қазақстанда патрон зауыты іске қосылды

Қарағанды облысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қазақстандық патрон зауытының атыс қаруларына арнап оқ-дәрілер шығаратын бірінші желісін іске қосты. Бұл – халықаралық стандарттарына сай атыс қарулары үшін оқ-дәрілер шығаратын заманауи, жоғары технологиялық кәсіпорын. Зауыттың іске қосылуы Қазақстанның барлық күштік құрылымдарының оқ-дәріге деген қажеттілігін толығымен қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар жаңа экспорттық әлеуетін де ашады. Кәсіпорын «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының құрамына кіреді.

«Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылған бұл жоба Қазақстанда және ҰҚШҰ-да қолданылатын стандарттарға сәйкес өнім шығаруға мүмкіндік береді және еліміздің осы номенклатурадағы оқ-дәрілер импортына тәуелділігін жояды. Зауытты қосымша жарақтандыру арқылы НАТО стандарттарына сай патрондар шығару, өндіріс мүмкіндігін арттыру, осылайша өнімді жеткізу географиясын кеңейту жоспарда бар»,- деп атап өтті «Қазақстан инжиниринг» ҰК Басқарма төрағасы Қуаныш Бишімов.

Айта кету керек, зауытта тапаншаға арналған патрондар шығарылады. Ал жыл соңына дейін автоматты оқ-дәрілерін шығару жоспарлануда. Жобаның құны 66 миллион долларға бағаланып отыр. Зауыт жылын 30 млн патрон өндіруге қауқарлы.

Қазіргі уақытта осы өнімді экспорттау үшін Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарын әзірлеу және бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

 

Фото: newtimes.kz​