1,6 млн қазақстандықтың несие төлеу мерзімі шегерілді

1,6 млн қазақстандықтың несие төлеу мерзімі шегерілді

Қазақстанда төтенше жағдай кезінде 1,6 миллионнан астам несие алушының қарыздары бойынша төлем мерзімі кейінге шегерілді. Бұл 237,4 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.  

«2020 жылғы 28 сәуірдегі жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктерге және өзге де кредиттік ұйымдарға қарыздар мен микрокредиттер бойынша төлемдерді тоқтата тұруға 1 844 599 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 1 831 489 жеке тұлға банктік қарыз төлемдері бойынша мерзімін кейінге қалдыруға өтінім берді, 13 110 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі төтенше жағдай кезеңінде кредиттер бойынша мерзімді кейінге шегеруге өтінім беру үшін кредиттік ұйымдарға жүгінді», - делінген агенттік мәліметінде.

Айта кетейік, несие мерзімі шегерілгендердің 300 мыңға жуығы  халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының өкілдері. Шағын  және орта бизнес саласының 12 мыңға жуық субьектісі де осындай жеңілдікке ие болып отыр.   Халықтың несие мерзімін шегеру туралы  өтінімдері әлі де қаралып жатыр. Олар бойынша алдағы 10 жұмыс күні ішінде тиісті шешім қабылданады.

Айта кетейік, бүгінгі күні шамамен 5,3 млн азамат пен 26,2 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің екінші деңгейлі банктерге берешегі бар.

 

Фото: matritca.kz​