Мәжіліс президенттің өкілеттігін кеңейтетін құжатты мақұлдады

Мәжіліс президенттің өкілеттігін кеңейтетін құжатты мақұлдады

Енді Мемлекет басшысы төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шұғыл іс-қимылды талап ететін қоғамдық қатынастарға жедел араласа алады. Мәжілісте кейбір заңнамалық актілерге төтенше жағдай мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қаралып, түзетулер енгізілді.

ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов құжат төтенше жағдай кезеңінде заңнаманың жекелеген салаларының қолданылу ерекшеліктерімен толықтырылатындығын атап өтті.

«Заң жобасында оларға 14 сала жатқызылады: салықтық, бюджеттік, кеден, банктік, еңбек, монополияға қарсы заңнама; денсаулық, мемлекеттік сатып алу және тағы басқалары. Осы салаларға төтенше жағдай кезінде реттеу функцияларын енгізуге болады. Бұл экономикаға максималды әсер ететін салалар және жедел шаралар, соның ішінде салықтық жеңілдіктер, мемлекеттік сатып алуды жеделдету, әлеуметтік қамсыздандыру, валюталық реттеу және басқа да мәселелер қажет», - деді Дәленов.

Заң жобасы президенттің төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттің ұлттық, соның ішінде экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрақтылығын сақтауға бағытталған шұғыл іс-қимылды талап ететін қоғамдық қатынастарға жедел араласа алатындығын көрсетеді деп атап өтті Руслан Дәленов.

 

Фото: sputniknews.kz