Қаржылық сақтандыру секторының жұмысы жанданады

Қаржылық сақтандыру секторының жұмысы жанданады

Елордада екінші деңгейлі банктер, микроқаржылық ұйымдар, риелторлық және сақтандыру компаниялары, мүлікті бағалау агенттіктері, сондай-ақ тұрмыстық техника мен жазғы маусымға арналған тауарларды сататын ірі дүкендер өз жұмысын бастайды. Бұл жөнінде брифинг барысында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бахтияр Макен мәлімдеді. Оның айтуынша қызметін қайта бастаған мекемелер төтенше санитарлық талаптарды қатаң сақтаулары тиіс. Олар таңғы сағат 9 кешкі 18:00 дейін қызмет көрсетеді.

«Ұйымдардың жетекшілері қызметкерлерін тасымалдау бойынша қызметтік көлікпен қамтамасыз етулері керек. Әрбір ауысымға дейін және ауысымнан кейін қызметкерлердің денсаулығын бақылап отыратын медицина пунктері болуы тиіс. Кассада және сатып алу алаңдарында адамдардың арасы 2 метрден кем емес қашықтықта болуы керек. Ашылған сауда орындарында қолма қол ақша ауысымы болмайды», - деді Бахтияр Макен

Бахтияр Макен 1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының арасындағы әуе қатынасы туралы да түсініктеме берді. Алғашында қалалар арасында күніне 4 рейс қатынайды. Ал жолаушылар ұшаққа отырар алдында коронавирусқа тест тапсыруы керек. Сондай-ақ, ұшақ жолаушылары арнайы қашықтықты сақтап отырғызылады. Айтуынша, әуежайлар тәулік бойы барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жұмыс істейді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: newtimes.kz