Қазақстанда ұлттық тауар өткізу желісін құру ұсынылды

Қазақстанда ұлттық тауар өткізу желісін құру ұсынылды

Қазақстанда ұлттық тауар өткізу желісін құру қажет. Үкімет отырысында еліміздің сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов осындай ұсыныс жасады.

Оның айтуынша, ел аумағында 750 сауда базары бар. Олардың бір де бірі қазіргі заман талаптарына сай емес. Тауарларды жедел жүктеуге мүмкіндік беретін заманауи жүк түсіру және температуралық қоймалардың жеткіліксіздігі бағаға тікелей әсерін тигізеді. Базарда тауар ағынын бақылау бойынша ақпараттық жүйе жоқ. Министр бұл мәселе айтарлықтай қиындық туғызатынын ерекше атап өтті.

«Қалаларымызда карантин тәртібінің енгізілуіне байланысты туындаған дүрбелең осы мәселелерді тағы да айқындап берді. Аталған проблемаларды жедел және жүйелі шешу үшін көтерме-тарату орталықтарының бірыңғай кешенін құрайтын ұлттық тауар өткізу желісін құру ұсынылады. Бұл экожүйе өндіруші мен тұтынушыны жақындататын экономикалық кешенді, сондай-ақ бірыңғай тетікті құрай отырып, республиканың сауда инфрақұрылымына қосылады. Сауда мен тарату функционалы бойынша жіктелген көтерме-тарату орталықтары - жүйенің өзегі. Көтерме-тарату орталықтарының қызметі өнімді сақтау мен қайта өңдеу, тарату мен өткізуге дейінгі мамандандырылған қызметтерді ұсынады», - деді Бақыт Сұлтанов.

Министр бұл инфрақұрылым өнімді жеткізудің тиімді көлік-логистикалық бағыттарын құруға мүмкіндік беретінін жеткізді. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ, Орталық Азия және Қытайға экспорттық-импорттық операциялар жүзеге асырылып, өткізу нарығын кеңейтеді. Көтерме-тарату орталықтарының желісі тауар өткізу жүйесінің негізгі қатысушылары арасындағы байланыстырушы буын болып, өндірушілердің, жеткізушілердің және сатушылардың кешенін біріктіреді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: tengrinews.kz​